Украинада тұрған қазақстандық журналист, "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықов қаза тапқан күннің қарсаңында "Шекарасыз тілшілер" қазақ және украин биліктеріне үндеу арнады. Ұйым Астананы қылмыстық істі тергеуде Киевпен әріптестік орнатуға шақырды.
– "Шекарасыз тілшілер" ұйымы Украинада қатыгез әрі қорқақтықпен жасалған қастандықтың құрбан болған қазақ тәуелсіз журналистикасының символы Айдос Садықовты құрметпен еске алады. Бұл қылмыс жазасы қалмауға тиіс. Қазақстан бұл оқиғаның жай-жапсарын анықтап, қылмыскерлер мен оларға тапсырыс бергендерді анықтап, ұстау және сотқа тарту үшін Украинада жүріп жатқан тергеуге қатысуға міндетті. Айдос Садықовтың жары әрі өзі де журналист Наталия Садыкова бұл оқиға бойынша жауап алуға лайық, әрі оған бағытталған қауіп-қатер дереу тоқтатылуы қажет. RSF Украина билігін оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырады, – деді ұйымның аймақтық өкілі Полин Мофре.
2024 жылдың жазында Украина астанасы Киевте қастандыққа ұшыраған қазақстандық журналист, "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықов 13 күн ауруханада ес-түссіз жатып жан тапсырды. Былтыр 18 маусымда әйелі және үш баласымен үйіне келген оны көлік ішінде киллер атып кеткен еді. Украина полициясы бұл іске қазақстанның екі азаматы – Алтай Жақанбаев пен бұрынғы полиция қызметкері Мейрам Қаратаевты күдікті ретінде атады. Олардың үстінен "тапсырыспен кісі өлтіру" бабы бойынша іс қозғаған.
Күдіктілер қастандықтан кейін Украина шекарасынан шығып кеткен. Қазақстан бас прокуратурасы Жақанбаев өз еркімен елге келіп берілді деп мәлімдеді . Кейін жергілікті жаңалық сайттары оның ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылғанын хабарлады. Ал Қаратаев туралы ақпарат жоқ. Қазір екі күдіктінің де қайда екені беймәлім.
УКРАИНА ТЕРГЕУДІ ТОҚТАТЫП ҚОЙДЫ
Украина прокуратурасы Қазақстаннан Жақанбаевты тергеу аясында Киевке беруді сұраған. Бірақ, марқұмның жесірі, журналист Наталья Садықованың қолындағы құжатқа қарағанда, Қазақстан прокуратурасы Жақанбаевтың кінәлі екенін дәлелдейтін айғақ жеткіліксіз деп, оны Украинаға беруге келіспеген . Қазақстан прокуратурасы "Украинадан күдіктінің кінәсін дәлелдейтін жеткілікті айғақ келгенде, Жақанбаевты жіберуге дайынбыз" деп жазған.
– 2024 жылы желтоқсанда Украина бас прокуратурасы Қазақстанға халықаралық құқықтық көмек көрсету туралы сұрау жолдады. Бұл – қарапайым процедуралық құжат. Оларды күдікті ретінде тергесе дейді. Ал сіздер оларды Украинаға беруден бас тарттыңыздар. Жарайды, мақұл. Алайда оларды тергесеңіздерші. Киевте не істегендерін айтып берсін. Айдос Садықовты қалай өлтіргенін, неге өлтіргенін түсіндірсін. Бірақ Қазақстан бұлай істеуден де бас тартып отыр, – деді Наталья Садықова.
Украина жағы дәлел жеткіліксіз дегенді жоққа шығарады. Украина бас прокуратурасы Азаттық журналистеріне кісі өлтіру операциясы қалай болғанын және күдіктілер кім екенін көрсететін айғақтар айқын деп хабарлады. Ақыр соңында жауап алуға немесе экстрадициялауға мүмкіндік ала алмаған олар күдіктілерге халықаралық іздеу жариялап, тергеуді тоқтатып қоюға мәжбүр болды.
"ІЗГЕ ТҮСУ" ЖӘНЕ ЖУРНАЛИСТІҢ ЖЕКЕ ЗЕРТТЕУІ
"Бәсе" YouTube-арнасының жұмысын марқұм Айдос Садықовтың жесірі, журналист Наталья Садықова жалғастырып келеді. Ол маусымда отбасын әлі де аңдып жүргендер барын айтты. Сөзінше, бұған Прага мен Киев қалаларында жүргенде көзі жеткен.
– Аңдушыларды бірінші рет музейде байқап қалдым. Басына кепке киген бір ер адам, қазақ, соңымнан қалмай жүргенін көрдім. Оны телефонға түсіре бастағанымда қашып кетті. Осыдан кейін бірнеше кездесуге бардым, онда да көршілес үстелге отырып мені телефон камерасына түсіріп, біреуге есеп бергендер болды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Прагаға неге барып, кіммен кездескенімді білгісі келген шығар деп ойладым. Алайда Киевке оралғанымда да ізіму түсішулерді көзім шалып қалды. Дәл Чехиядағы тәрізді іс-әрекеттер жасайды. Яғни, көрші үстелге отырып мені бақылайды. Үйімнің маңынан да күдікті ер адамдарды көремін. Бәрінің азиялық екені анық аңғарылады. Тіпті қазақ екеніне де күмәнім жоқ, – деді Садықова.
"Шекарасыз тілшілер" Айдостың қазасынан кейін Наталья Садықоваға қарсы кибер шабуыл және әлеуметтік желілер арқылы бопсалау жүрген.
"Бұл тоқтаусыз харассмент ұйымдасқан түрде жүрді. "Шекарасыз тілшілер" науқанның екі толқыны болған. Біріншісінде шабуылдаушылар фишинг электронды пошталары арқылы Натальяның аккаунттарын бұзбақ болған. Олар gogle(.)com доменін қолданып өздерін Google-дің қолдау қызметі етіп көрсеткісі келген. Мұны тайпсквоттинг әдісі деп атайды. Бұл әдісте жапа шегушілерді алдау үшін танымал компанияның домендік атын әдейі қатемен жазады. 2024 жылы қаскөйлер Void Balaur ақылы қызметіне жүгінгенді. Бұл – Ресей өкіметіне қатысы бар жалдамалы кибертоп. Бұл топтың қызметі қолданылғанын Sekoia.io киберқауіпсіздік фирмасы растаған. Сонымен қатар, Натальяға Telegram мен WhatsApp-та Қазақстан және Ресей нөмірлерінен харассмент жасалған. Сол нөмірлердің бірінде WhatsApp-тағы суретте Ішкі істер министрлігінің логотипі тұрған. Қаскөйлер шабуылдың екінші толқынын 2025 жылы басқа қызмет арқылы жасаған, бірақ қолданылған әдіс алдынғысынан аумайды" деді "Шекарасыз тілшілер".
2023 жылы Айдос Садықов өзін Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі деп таныстырған белгісіз ер адам "Бәсе" арнасында шыққан видеоны – Қазақстанда жүріп дәулетке кенелген дағыстандық кәсіпкер Гаджи Гаджиев туралы материалды өшіруді сұрап, 5 мың доллар ұсынғанын мәлімдеген.
"Шекарасыз тілшілер" ұйымының жазуынша, Украина Қазақстаннан Гаджиевті Айдос Садықовтың қазасы аясында тергеуді сұраған, бірақ оған еш жауап болмаған.
ТАҒЫ БІР КҮДІКТІ
Күйеуіне қастандық жасалғаннан кейін 1 жыл өткенде, дәл 18 маусымда Наталья Садықова марқұм Айдос Садықовтың өліміне тағы бір күдікті бар деп мәлімдеді. Оның сөзінше, Артур Мырзақұлов деген адам киллерлер жұмысын үйлестірген болуы мүмкін. Азаттық бұл адам туралы ашық дереккөзден ақпарат таба алмады. Журналисттің айтуынша, Мырзақұлов Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік қызметіне қарасты №60563 әскери бөлімінде жұмыс істейді.
Наталья Садықова оның кім екенін жасырын дереккөздері арқылы білгенін айтады. Алайда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Азаттыққа мұны растамады. Құзырлы органның ақпаратынша, күдіктілер саны әлі де екеу, ал Артур Мырзақұлов деген адам жөнінде оларда ақпарат жоқ.
Электрон үкімет порталында оның тек мемлекеттік мекеме екені көрсетілген. Әдетте әскери бөлімдердің қорғаныс министрлігіне, ішкі істер министрлігіне, төтенше жағдайлар министрлігіне немесе ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарайтыны жасырылмайды. Жасырын дереккөзге сілтеген Наталья Садықованың бұл әскери бөлімнің қарапайым әскери бөлімнен өзгеше екеніне, барлаушылар жұмыс істейтін мекеме екеніне күмәні жоқ. №60563 әскери бөлімнің ҰҚК құрамына енетінін айғақтайтын жанама деректер ғана бар. Мысалы, Egov порталындағы мәліметке қарағанда, мекемені 2009–2010 жылдары Жанқұлиев Аманжол Қазыбекұлы деген адам басқарған. Ал Аманжол Жанқұлиевтің жеке өмірбаянында 2009-2015 жылдар аралығында "Сырбар" сыртқы барлау қызметінің директоры болғаны жазылған. "Сырбардың" ұлттық қауіпсіздік қызметіне қарайтыны белгілі.
Марқұм журналист, оппозициялық белсенді Айдос Садықов пен әйелі Наталья Садықова 2014 жылы Қазақстаннан кетіп, Украинадан босқын мәртебесін алған. Қазақстан полициясы Садықовты "бұзақылық", "полицияға бағынбау" баптары бойынша, ал Садықоваға "жала жабу" бабы бойынша айыптаған. Ерлі-зайыптылар айыппен келіспей, "белсенділігіміз үшін қудаландық" деп санайды. Олар Киевте "Бәсе" YouTube-арнасын ашып, Қазақстан билігін ашық сынайтын видеолар жариялап жүрген. 2023 жылы Қазақстан "ұлтарлық араздықты қоздырды" деп оларға іздеу жариялаған. Садықовқа қастандық жасалардан бір күн бұрын "Бәсе" арнасы Қазақстан президентін "Ресейдің қуыршағы" деп атаған видео жариялаған. Наталья күйеуінің өліміне президент Қасым-Жомарт Тоқаевты айыптайды. Тоқаев бұған қатысты пікір білдірген берген жоқ.
29 маусым күні Наталья Садықова Киевте күйеуінің жылдық асын бергенін хабарлап, оған қырым татарларының белді өкілдері саналатын Мұстафа Жемилев пен Рефат Шұбаров қатысқанын айтты.
"Бұл тек терең жанашырлықтың көрінісі ғана емес. Бұл – Айдос жалғыз емес, оның күресі жалғасып жатыр, оның есімі мәңгі өмір сүреді дегеннің дәлелі" деді Садықова.
ПІКІРЛЕР