АҚШ қару-жарақ беруді тоқтата тұрмақ деген хабардан соң Киев Вашингтонмен келіссөз өткізуді сұрады

Patriot әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі

АҚШ қару-жарақ беруді тоқтатта тұруы мүмкін деген хабар тарағаннан кейін Киев Вашингтонмен телефонмен келіссөз өткізуді сұраған. Бұл жайлы Украина қорғаныс министрлігі мәлімдеді.

Министрлік Киев "келісілген қорғаныс көмегін жеткізу кестесі тоқтатылатыны немесе қайта қаралатыны туралы" ресми хабар алмағанын атап айтты.

"Келісілген қорғаныс көмегін жеткізу тұрақты, үздіксіз және болжамды болуын қамтамасыз ету – әсіресе әуе шабуылына қарсы қорғанысты нығайту саласында – өте-мөте маңызды", – делінген Украина қорғаныс министрлігінің хабарламасында.

Бұған қоса, Украина сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың Киевтегі уақытша сенімді өкілі Джон Хинкельді шақыртты. Елшімен әңгіменің басты тақырыбы – Ресейдің Украинаға қарсы әскери басқыншылығы жалғасып жатқан шақта Вашингтонның әскери көмегі жайлы болды.

Бұған дейін америкалық БАҚ өз дереккөздеріне сүйеніп, АҚШ Украинаға қару-жарақтың кейбір түрлерін, соның ішінде Patriot әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесіне арналған ондаған зымыранды жеткізуді тоқтата тұрмақ деп хабарлаған. Мұндай шешімнің себебі – АҚШ-тың өз әскери қорларының азаюына байланысты алаңдаушылық екені айтылды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ақ үй: АҚШ Украинаға қару-жарақтың кейбір түрін жеткізуді тоқтатты