2025 жылғы 2 шілдеде Әзербайжанның сыртқы істер министрлігі Ресейдің Бакудегі елшісі Михаил Евдокимовты министрлікке шақыртты. Министрліктің ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде ресми Баку Ресей елшісіне "екі ел арасындағы қарым-қатынастарға нұқсан келтірген, достыққа жат әрекеттер мен қадамдарға байланысты Әзербайжан тарапының наразылығын" жеткізгені айтылған.
"27 маусымда Екатеринбург қаласында әзербайжандықтардың үйлеріне жасалған рейдтер барысында екі отандасымыздың қазасы мен бірнешеуінің ауыр жаралануына алып келген заңсыз әрекеттер қатты алаңдаушылық тудырғаны Ресейдің құқық қорғау органдарының назарына тағы да салынды. Марқұмдардың сүйегіндегі зорлық-зомбылықтың айқын белгілері мен сараптама қорытындылары оқиғаның Ресей тарапы ұсынған ресми нұсқасына қайшы келетіні көрсетілді. Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарында осы рейдтерге байланысты ұлтына бола бөліп-жару көріністері қылаң беріп жатқаны, ал әзербайжандарға "этностық қылмыстық топ" деген айдар тағу мүлде жол беруге болмайтын әрекет екені атап айтылды", – делінген Әзербайжан СІМ мәлімдемесінде.
Министрлік Ресей жағынан бұл оқиғаға байланысты "ресейлік құқық қорғау органдары жіберген заң бұзу фактілері мұқият әрі әділ тергеліп, кінәлілер жауапқа тартылады" деп күтетінін мәлімдеді. СІМ Бакудің ұстанымын "Ресейдің ішкі ісіне араласу" деп көрсетудің жөнсіз екенін айтқан. Ресейлік "Sputnik" ақпарат агенттігі қызметкерлерінің ұсталуына байланысты Мәскеудің ресми өкілдерінің сын-ескертпелері де "негізсіз" деп мәлімдеген Әзербайжан СІМ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әзербайжан полициясы Бакуде есірткіге қатысты іс бойынша бір топ ресейлікті ұстаған2 шілде күні Ресейдің Федерация кеңесінің мүшесі Андрей Клишас Әзербайжанды "Ресей азаматтары үшін қауіпсіз емес ел" деп атады. Сәрсенбіде Ресейдің Бакудегі елшілігі жариялаған хабарламада "кейінгі бір күнде елшілікке Әзербайжан Республикасы аумағында жүрген Ресей азаматтарынан, соның ішінде туристік мақсатпен келгендерден де көптеген арыз-өтініш түсті. Олар өздері тұрып жатқан үйге үстіне жай киім киген адамдар (кейбірі өзін полиция қызметкерімін деп таныстырған) келіп, ресейліктерден бұл елге қандай мақсатпен келгенін сұрап, құжаттарын тексергенін, кейбір азаматтар өздеріне және отбасы мүшелеріне күш қолданылғанын айтты" деп жазылған.
Your browser doesn’t support HTML5
Ресей мен Әзербайжан арасы неге суып барады? Дау неден басталды?