Израильмен әскери қақтығыс күшейген шақта Иран Парсы шығанағындағы кемелеріне теңіз миналар тиеп, Ормуз бұғазын бекітіп тастауға дайындалған болуы мүмкін. Мұндай ақпаратты АҚШ үкіметіндегі дереккөздерге сүйеніп Reuters агенттігі хабарлады.
АҚШ барлау қызметінің мәліметінше, Израиль Ирандағы ядролық нысандарға шабуыл жасағаннан кейін бірнеше күн өткенде Иран кемелеріне миналар тиелген. Тегеран бұл миналарды суға түсірмеген, бірақ олар кейіннен қоймаға қайтарылды ма, жоқ па – ол жағы белгісіз, деп жазды агенттік.
Reuters сұхбаттасқан адамдардың айтуынша, мұндай әрекет АҚШ-қа көрінеу түрде әдейі жасалған болуы мүмкін екенін және Иранның расымен бұғазды жабуды көздемегенін жоққа шығаруға болмайды. Иран әскери күштерінің ондай іс-әрекеті тиісті бұйрық беріле қалған жағдайға дайындықтың бір бөлігі болуы да ықтимал.
Парсы және Оман шығанақтарын жалғап тұрған Ормуз бұғазы стратегиялық маңызға ие – әлемде тұтынылатын мұнайдың шамамен 20 пайызы күн сайын осы бұғаз арқылы тасымалданады. Бұғаздың ең тар тұсының ені – шамамен 40 километр.
Израильмен арада болған 12 күндік соғыс кезінде Иран билігі өз аумағына жасалған шабуылдарға қарымта ретінде Ормуз бұғазын жауып, Парсы шығанағындағы АҚШ кемелерінің жолын кесіп тастауы мүмкін екенін мәлімдеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ Иранға Ормуз бұғазын жабуға және қарымта шабуыл жасауға тырыспауды ескертті