Ереванда ресейлік миллиардер Карапетянның компаниясында тінту жүргізілді

"Ташир" компаниясының кеңсесі, Ереван, Армения, 2 шілде, 2025 жыл.

2 шілде күні Армения астанасы Ереванда тегі армян ресейлік кәсіпкер Самвел Карапетянға тиесілі "Ташир" компаниясының кеңсесінде тінту жүргізілді. Арменияның Тергеу комитеті бұл тінту тергеліп жатқан қылмыстық іс аясында "шұғыл тергеу амалдары" ретінде жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Осы оқиға болып жатқан кезде Армения парламенті Карапетянға тиесілі "Арменияның электр желілері" электр энергиясын тарату компаниясын мемлекет меншігіне алу туралы заң жобасын алғашқы оқылымда қабылдады.

Бұған дейін "Ташир" компаниясы президентінің бірінші орынбасары Нарек Карапетян Ереванда елдегі "әділетсіздік пен заңсыздыққа" қарсы наразылық шеруін өткізетінін жариялаған болатын.

Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян егер "Электр желілері" компаниясының қызметкерлері саяси акцияға қатысатын болса, олар жұмыстан босатылатынын ескерткен. Ал Карапетянды қолдау тобы жұмыстан қуылған қызметкерлер қайта жұмысқа алынады деп уәде етті.

Маусым айында Армения соты Самвел Карапетянды билікті күшпен басып алуға жария түрде шақырды деген айыппен қамауға алған еді.

Армения тумасы Самвел Карапетян негізгі кәсіпкерлік қызметін Ресейде жүргізеді. Ол – көбіне коммерциялық жылжымайтын мүлік саласында құрылыс және басқарумен айналысатын "Ташир" компаниялар тобының президенті. Forbes журналы оның байлығы 3,6 миллиард АҚШ долларына тең деп бағалаған.