Тәжікстан мен Өзбекстандағы мектеп бітіру кештері: заңды шектеулер мен жасырын дәстүрлер

Түркіменстандағы "соңғы қоңырау". Архивтегі сурет.

Орталық Азия елдерінің көбінде мектеппен қоштасу салтанаттарына тыйым салынған. Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркіменстан биліктері бұл тыйымды астамшылдықпен күрес және тұрмысы төмен отбасыларды қажетсіз шығыннан қорғау деп түсіндіреді. Алайда адамдар бұл тыйымды айналып өтудің амалын тауып жатыр. Азаттық Азия аймақтағы елдерде мектеп бітіру кештері қалай өтіп жатқанын анықтап көрді.

ТӘЖІКСТАНДАҒЫ ЖАСЫРЫН ЖИЫНДАР

Тәжікстанда оқу жылының аяқталғанын аңғармай қалу оңай: шулы кештер, кортеждер, отшашулар байқалмайды. Елде мектеппен қоштасу кештерін өткізуге тыйым салынғалы 20 жылға жуықтады.

2007 жылы ел президенті Эмомали Рахмонның бастамасы бойынша "Дәстүрлер мен рәсімдерді реттеу туралы", ал 2011 жылы "Ата-аналардың бала оқуы мен тәрбиесіне жауапкершілігі туралы" заң қабылданды. Екі заң да аста-төк шараларға, соның ішінде мектеппен қоштасу кештеріне қарсы бағытталған. Сөйтіп ата-аналарды қымбат шаралардан бас тартуға мәжбүрледі. Бұрын оған адам басынан 300-500 доллардан (елдегі орташа жалақы шамамен 250 доллар) жұмсалатын. Оқу аяқталар тұста түсіндіру жұмыстары жүргізіледі: мемлекет орган өкілдері ата-аналарға, оқытушылар мен оқушыларға не нәрсеге рұқсат барып, не нәрсеге рұқсат жоғын, ол үшін қандай жауапкершілік қарастырылғанын түсіндіреді.

Тәжікстанда "соңғы қоңырау" күні басқа күннен ерекшеленбейді.

Душанбедегі мектеп бітіруші сыныптың жетекшісі "соңғы қоңырау" өтпей жүргеніне бірнеше жыл болғанын, түлектер үшін мектептегі ақырғы күн өзге күннен ерекшеленбейтінін айтады. Оқушылар сабаққа келіп, мұғалімдер тілегін естиді де, үйіне қайтады дейді сынып жетекшісі аты-жөнін көрсетпеуді сұрап.

Бірақ түрлі тыйымдарға қарамастан салтанатты жиындар жасырын түрде өтіп жатыр дейді ұстаз.

– Кейде балалар өз кештерін бәрібір де өткізіп жатқанын естіп қаламыз. Аттестат берілген соң, саяжай сияқты жерлерде таңды қарсы алады, бірақ мұның қандай салдары болуы мүмкін бәрі де біледі – дейді ол.

Душанбедегі бір мектептің түлегі Нәзира сыныптастарымен қоштасу кешін емтиханнан соң жасырын түрде өткізген.

"Жұрт назарына түспес үшін кафеде шағын құрамда мұғалімдерсіз бас қостық. Мектептегі жылдарды еске алып, суретке түстік. Әйтеуір осы бір соңғы кездесуіміз есте қалар. Бізде тіпті мектеп бітіру кезінде тағатын ленталарға да тыйым салынған. Виньеткаларды да бақылайды, бірақ біз бәрібір жасап жатырмыз. Біреулер 100 сомониге (шамамен 10 доллар), біреулер қымбаттауын таңдап, бірнеше беттігін әзірлетіп жатыр" дейді ол.

Душанбе мектебіндегі түлектер. Архивтегі сурет.

Мұғалімдерге сыйлық беруге де тыйым салынған. Бірақ ата-аналар әлі де амалын тауып жатыр. Қазір сыйлықты жасырын түрде береді.

Мектепті тәмамдаушы қыздың анасы Зарина сынып жектекшісіне сыйлықты қалай бергенін айтып берді.

– Өткен жылы үлкен қызым мектепті аяқтағанда ата-аналар ақша жинап, алтын алқа сатып алдық. Абайлап бердік. Биыл мектептен кіші қызым түлеп шықты. Жылы елдердің біріне туристік саяхатқа ақша жинадық. Мұғалім теңізді көруді армандаған екен, біз оған алғыс айтқымыз келді – деді ол.

Тағы бір түлектің анасы Лола Шарифова қазіргі шектеуді жөн көреді.

– Бұрын соңғы қоңыраудан кейін түлектер қала ішінде көлікпен жүріп, апаттар болатын. Қыздар Голливудтегі қызыл кілемнен өтетіндей сәнденетін. Бұған жағдайы келмейтіндер жапа шегетін. Қайғылы жағдайлар болғаны да есімде: отбасы қарапайым көйлек алып беруге шамасы келмеген бірнеше қыз өзіне қол жұмсады. Ата-аналар қоштасу кешіне, үстелге, лентаға – бәріне ақша жинады. Соңында үлкен сома шығатын. Тыйымдар жоқ жерден пайда болған жоқ, – дейді ол.

ӨЗБЕКСТАН: СЫЙЛЫҚҚА АЛТЫН БІЛЕЗІК ЖӘНЕ УМРАҒА САПАР

Биыл Өзбекстанның мектепке дейінгі және орта білім министрлігі мектеп түлектеріне тойханада кеш өткізуге, сыйлыққа ақша жинауға тыйым салынғанын тағы бір ескертті.

– "Соңғы қоңырау", емтихан, қорытынды аттестация немесе жаңа оқу жылына дайындық кезінде ақша жинауға жол жоқ", – деді министрлік.

Бірақ іс-жүзінде мектеп бітіру кештері бұрынғыша сән-салтанатпен, үйлену тойы секілді үлкен ауқымда өтіп жатыр.

Мереке форматы туралы шешімді ата-аналар комитеті қабылдайды. Жиналатын ақша көлемі әртүрлі.

– Кафеде өткіземіз деп шештік. Дастарханға 150 мың сомнан (шамамен 11 доллар) жинап жатыр. Сондай-ақ, сәнді киім сатып алу (50-100 доллар), макияж бен шаш үлгісін жасату, фото және видеотүсірілімге ақша төлеу қажет, – дейді Ташкенттегі мектептердің бірін тәмамдап жатқан қыздың анасы Дильноза. – Кейбірі тіпті танымал әншілерді шақырып жатады.

Жыл сайын қызу талқы тудыратын тақырыптың бірі – мұғалімге сыйлық беру. Өзбекстанның халыққа білім беру министрлігі 2014 жылы ресми түрде педагогтарға сыйлық беруге тыйым салған. Бірақ іс-жүзінде Өзбекстанда бұл дәстүр жойылмай тұр.

– Он жылдан асса да, ешнәрсе өзгерген жоқ. Керісінше, мұғалімдерге арналған сыйлық құны жыл сайын артып келеді. Ата-аналар комитетінен ешкім бұл сомаға шамаң келе ме деп сұрамайды. Жай ғана "қажет" дейді, болды. Табысы төмен ата-аналарға обал. Олар не істейді? – деп шағынады өзбек астанасындағы мектеп түлегінің анасы Умида.

Оның сөзінше, қызының сыныбында 30 оқушы бар. Сынып жетекшісіне арналған сыйлыққа қыздар 200 мың сомнан (шамамен 15 доллар), ұлдар 500 мың сомнан (шамамен 40 доллар) жинаған. Бұл ақшаға мұғалімге кішігірім электр пеш, мультипісіргіш және алтын білезік сатып алған.

Кейбірі қиялына ерік береді.

Әлеуметтік желіде Өзбекстан мектептерінің біріндегі соңғы қоңыраудың видеосы қатты қаралды: түлектер сынып жетекшісіне кіші қажылыққа сапар сертификатын сыйлаған.

Мұндай сертификаттың құны қазір 1110-1700 доллар арасында. Сома қажылық кезінде көрсетілетін қызметке қарай әртүрлі болады.

ҚЫРҒЫЗСТАН: "ҚЫМБАТ, БІРАҚ ЕСТЕҚАЛАРЛЫҚ"

Осыған ұқсас жағдайды Қырғызстанда да байқауға болады. Онда ресми тыйымға қарамастан, аста-төк қоштасу кештері әлі өтіп келеді.

Қырғыз мектептерінің түлектері мемлекеттік емтихандарды аяқтады. Бішкек білім беру мекемелерінде аттестат табыстау салтанаты 30 маусымға белгіленген. Әдетте қоштасу кештері осы күні өтетін. Бірақ 2022 жылы білім және ғылым министрлігі жарлық шығарып, мұндай кештерге тыйым салған.

Жыл сайын соңғы қоңырау мен аттестат табыстау алдында ата-аналар мен оқушыларға кафе-ресторандағы салтанатты кештерге тыйым салынғаны ескертіледі. Биыл да солай болды. Оқу жылы аяқталардан бірнеше апта бұрын Бішкек әкімшілігі үндеу жолдап, ата-аналарды соңғы қоңырауға, мектеппен қоштасу кештеріне, мұғалімге сыйлық алуға ақша жинамауды сұрады.

Әкімшілік ересектерді оқу уақтынан тыс кезде балаларды бақылауға, жасөспірімдерге сауық орталықтарына бармауды және қала сыртына үлкендерсіз шықпауды түсіндіруге шақырды.

Бұл тыйымдардың орындалуын қадағалау мектеп әкімшілігі мен ата-аналарға міндеттелген. Қала билігінің айтуынша, бұл шаралар түлектердің қатысуымен болатын қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін қажет. Әкімшілік осы тыйымдарға қарамастан кей мектептер қоштасу кешін бәрібір өткізетінін мойындап отыр.

Ата-аналардың айтуынша, қоштасу салтанатына жинайтын ақша әр мектепте әртүрлі. Беделді лицейлер мен гимназияларды шығын екі есе көп болуы мүмкін. Ақшаны жасырын жинап, қоштасу кештерін тыныш өткізуге тырысады: әлеуметтік желіде, мектеп чаттарында талқыланбайды.

Бішкектегі бір мектептің түлегі Айсұлу 2024 жылы мектеппен қоштасу кешін қалай өткізгенін айтып берді.

"Біздің мектеппен қоштасу кешіміз аттестат бергенге дейін өтті. Ресторанда атап өттік. Ата-аналар мен мұғалімдер болды. Милиция келіп, бәрін бақылап тұрды, ешқандай мәселе туған жоқ" деді ол.

Айсұлудың сөзінше, әрбір оқушыдан 11 мың сомнан (шамамен 130 доллар), ата-ана үшін қосымша 3 сомнан (35 доллар) жиналған. Бұл сомаға ресторанды жалдау, фото және видео қызметі кіреді.

"Барлығы да көңілді өтті. Риза болып қалдық. Әрине, қымбатқа шықты, бірақ одан қалған естелік соның бәрін ақтайды" дейді ол.

ТҮРКІМЕНСТАН: "ТУҒАН КҮН ДЕП ЖИНАЛАМЫЗ"

Түркіменстандағы мектеп түлектерінің жағдайы одан да қиын. Онда мектеппен қоштасу кештеріне тыйым қатаң сақталады: полиция мектеп түлектерін қатты қадағалайды.

Мұны әсіресе ірі қалалар мен әкімшілік орталықтардан байқауға болады. "Соңғы қоңырау" жиыны ата-аналарсыз, музыкасыз және ешбір сән-салтанатсыз өтеді. Түлектер келіп директордың сөзін тыңдайды да, тарап кетеді.

"Барлығы шамамен 10 минутқа ұласты. Одан кейін бізге "Көшеде суретке түсіп жүрмеңдер, үйлеріңе қайтыңдар" деп айтты" дейді Түркіменабадтағы мектептің түлегі.

Түркіменстандағы "соңғы қоңырау". Архивтегі сурет.

Азаттық радиосы Түркімен қызметінің мәліметінше, "соңғы қоңырау" өтеді деген 25 мамыр күні Түркіменабад көшелерінде полиция күзеті күшейген. Полиция мектеп түлектері бас қосады деген "Халықтар достығы" және "Жастар" паркін қаттырақ бақылаған. Мектеп формасын киген немесе лента таққан түлектер бірден назарға түсіп жатты. Полиция топ болып жиналуға жол бермей, оларды таратып, арасында жасөспірімдердің жеке деректерін жазып алды.

Кафелер, ресторандар және фотостудиялар да бейресми бақылауда болды. Оларға жоғарыдан нұсқаулық келіп, "шулы топтарға" қызмет көрсетпеңдер, әдеттегіден ертең жабылыңдар деп айтылған.

Ауылдарда оқушыларға 25 мамыр күні қадағалау қатты болатынын ескертіп, салтанатты жиындарды кейінге қалдыруды ұсынған.

– Біздің учаскелік полицей: "Шыдай тұрыңдар. Қазір қаланы бақылап тұр, ал емтиханнан кейін сіздерге ешкім тиіспейді" деп айтты, – дейді Шаржау атырабындағы ауылдың түлегі.

Ата-аналардың сөзінше, жергілікті билік бақылаудың уақытша екенін мойындап, жастарға бекеттер алынғанша және ресми шаралар аяқталғанша "көзге түспеуді" ұсынған.

Мұндай "шегерілген еркіндік" қалыпқа айналып барады. Кей мектептер оқушыларға "өздеріңді де, бізді де қинамай" қоштасу салтанатын емтихандардан кейін өткізіңдер деп кеңес беріп жатыр. Бұл уақытта түлектер әлі де елде болады, бірақ полиция көшені бұрынғыдай қатты бақыламайды, ал мектептер ресми түрде жұмысын аяқтаған саналады.

Түлектер ата-аналарымен бірге үй жалдап, қала сыртына кетеді не саяжайда бас қосады. Мереке жасырын өтеді: мектеп формасы болмайды, қатты музыка қойылмайды, әлеуметтік желіге ешнәрсе салынбайды.

– Сыныптасымыздың саяжайында бас қосамыз. Ата-аналар бәрін ұйымдастырады. Мұғалімдер де келеміз деп отыр. "Туған күн" сияқты болады, – дейді Марыдағы оқушы қыз.