Paramount Global медиа-холдингі АҚШ президенті Дональд Трамптың талап-арызы бойынша сотқа дейінгі келісім аясында 16 миллион доллар төлеуге келісті. Бұл дауға CBS арнасындағы "60 минут" бағдарламасында АҚШ-тың сол кездегі вице-президенті Камала Харриспен жүргізілген сұхбат ілік болды. Трамп сұхбат монтажы біржақты болды және Харрис Демократтар атынан кандидат болған АҚШ-тағы президент сайлауына ықпал етуі мүмкін деп талап-арыз түсірген. Ол талап-арызын сайлауға дейін берген.
Келісім шарттарына сәйкес, төленетін қаржы Трамптың жеке өзіне аударылмайды, оның президенттік кітапханасын салуға жұмсалады. Paramount Global холдингі бұл даулы істе талапкерден кешірім сұраған жоқ және кінәсін мойындамады. Аталған талап-арыз сотқа дейінгі мәмілемен реттелгені туралы жаңалықтан кейін Paramount акцияларының құны 1% төмендеді.
Былтыр күзде Трамп CBS арнасына қарсы 10 миллиард доллардың талап-арызын берген. Ол телеарнаны эфирге Камала Харриспен жүргізілген сұхбаттың екі түрлі нұсқасын шығарды, онда Харрис Израиль мен ХАМАС жайлы бір сұраққа әртүрлі жауап берген деп айыптады. Кейін талап мөлшері 20 миллиард долларға дейін ұлғайтылған.
Бұған дейін Paramount компаниясы бұл талап-арызды негізсіз деп атағанымен, кейін талапкермен бітімге келуге келіскен. Paramount өкілдері Skydance Media компаниясымен біріккелі жатқан тұста (8,4 млрд доллардың келісімі жасалған) күтпеген сот шығындары мен беделге дақ түсіріп алу қаупінен сақтанып осындай шешім қабылданды деп түсіндірген.
Келісім аясында CBS президенттікке үміткерлермен жүргізілген сұхбаттардың транскрипциясын эфирден кейін жариялауға міндеттеме алды. Алайда, бұл ереже қауіпсіздік мақсатында немесе заң бойынша өңдеуді қажет ететін үзінділерге қолданылмайды.
Кейінгі бірнеше айда осымен үшінші рет Трамптың медиа ұйымдарға қарсы талап-арызы сотқа дейінгі ірі келісіммен реттеліп отыр. Бұған дейін ABC News және Meta компаниялары да осындай келісімдерге келген. Сонымен қатар, Трамп бұқаралық ақпарат құралдарына қарсы сотқа талап-арыз беруді жалғастырып келеді: маусым айында ол Des Moines Register газетіне қарсы қайтадан арыз түсіріп, басылымды Айова штатында сайлау алдында жүргізілген сауалнаманың нәтижелерін бұрмалады деп айыптады.