Манхэттендегі федералды соттың алқабилері америкалық танымал әнші әрі музыкалық продюсер Шон "Дидди" Комбс адамдарды жезөкшелікпен айналысу мақсатында тасымалдағаны үшін кінәлі деген ұйғарым шығарды. Ол рэкетпен және адам саудасымен айналысқан деген ауыр айыптардан ақталды. АҚШ-та мұндай айып тағылғандарға өмірлік түрме жазасы қарастырылған, Комбс ондай жаза қаупінен құтылды, деп жазды Reuters.
Сотта өзіне тағылған айыптардың ешбірін мойындамаған Комбс енді кінәлі деп танылған екі баптың әрқайсысы бойынша 10 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылуы мүмкін. Қорғау тарапы Комбсты үкім шыққанға дейін кепілмен босату туралы өтініш түсірген, алайда әзірге оны қанағаттандыған жоқ. Үкімді судья Арн Субраманиан шығарады.
Прокуратураның мәліметінше, Шон "Дидди" Комбс кейінгі 20 жыл бойы серіктестері – Кассандра "Кэсси" Вентураны және Джейн деген бүркеншік есімі бар тағы бір әйелді ер адамдармен жыныстық қатынасқа түсетін "кештерге" қатысуға мәжбүрлеген. Сотта куәгерлер бопса, қорқыту, тұрмыстық зорлық-зомбылық және болған оқиғаларды видеоға түсіру сияқты жайттарды айтып берген.
2023 жылы Вентура азаматтық шағым түсірген, ол дау кейін 20 миллион доллардың келісімімен реттелген.
Сотта дәлел ретінде ұсынылған Лос-Анджелестегі қонақүйден алынған видеожазбаларда Комбстың Вентураны ұрып жатқан сәті көрінеді. Комбсқа қарсы оның бұрынғы қызметкерлері де куәлік берді, олар жоғарыда аталған "кештерді" ұйымдастыру және есірткі сатып алу жайлы баяндаған. Көлігі өртенген рэпер Kid Cudi сол әрекетке ішін қызғаныш күйдірген Комбстың қатысы болуы мүмкін деп ойлайтынын айтқан.
Айыпталушының қорғау тарапы жыныстық қатынас әрекеттері екі жақтың келісімімен болған және ондай қылмыс жайлы айыптаулар қызғаныштан және бұрынғы жақын қарым-қатынастарды қайта бағалаудан туған деген уәжді алға тартты.
Шон "Дидди" Комбс 2024 жылдың қыркүйек айынан бері Нью-Йорктің Бруклин ауданындағы түрмеде қамауда отыр.