Ресей мен Украина тағы да тұтқын алмасты

Ресей тұтқынынан босап, еліне оралған украин азаматтары. Украина президенті 2025 жылғы 4 шілде күні әлеуметтік желіде жариялаған фото.

Жұма, 4 шілде күні Ресей мен Украина тұтқын алмасты. Алдымен бұл жөнінде Ресейдің қорғаныс министрлігі хабарлады. Кейінірек тұтқын алмасу фактісін Украина президенті Владимир Зеленский де растады.

ТАСС агенттігінің дерегінше, Ресейге Курск облысының екі тұрғыны да қайтарылған.

Украина мен Ресей биыл маусым айының басында Стамбұлда екі елдің делегациялары арасындағы келіссөздер нәтижесінде жасасқан уағдаластық аясында осымен жетінші рет тұтқын алмасып отыр.

Екі тарап бір-біріне неше тұтқын қайтарғаны туралы нақты мәлімет жарияланбады.

Зеленскийдің айтуынша, Отанына оралған украин сарбаздарының көбі Ресей тұтқынына 2022 жылы түскен. Президенттің мәліметінше, жұма күні Ресей Украинаға тапсырған азаматтар арасында Ресей билігі соттаған бейбіт тұрғындар да бар.

Украинадағы әскери тұтқындар мәселесі жөніндегі үйлестіру штабының хабарлауынша, Ресей тұтқынынан елге "жараланғандар мен ауыр науқастар", сондай-ақ "25 жастан аспаған" әскери қызметшілер оралған.

"Бостандыққа шыққан ең жас қорғаушы – небәрі 20 жаста. Ең егде адам – 59 жаста. Солдаттар мен сержанттардан бөлек, офицерлерді де босатуға мүмкіндік туды", – делінген штаб мәлімдемесінде.