Ресей Одесса мен Полтаваға дронмен шабуылдады. Қаза тапқандар бар

Ресейдің дроны түскен көпқабатты тұрғын үйдегі өртті сөндіріп жатқан арнаулы техника. Одесса, Украина, 3 шілде, 2025 жыл.

3 шілдеге қараған түні Украинаның Полтава қаласына Ресей жасаған дрон шабуылы салдарынан әскерге шақыру және мобилизациямен айналысатын аумақтық орталық орналасқан ғимарат жартылай қирады.

Украина қарулы күштерінің мәліметінше, дрон түскеннен кейін ғимаратта өрт шыққан. Зардап шеккендер туралы әзірге ақпарат түскен жоқ.

Полтаваның шабуылға ұшыраған тағы бір аудынында бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар мен жараланғандар бар. Олардың нақты саны анықталып жатыр. Шабуыл салдарынан тұрғын үй бүлінген.

Одесса қаласында көпқабатты тұрғын үйге дрон түскен. Ғимаратта өрт шығып, тұрғын үй қабатының жабыны опырылып қираған. Щабуыл салдарынан бес адам жараланды, арасында екі бала бар, деп жазды Одесса облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Олег Кипер Telegram-арнасындағы парақшасына.

Украина қарулы күштері Әуе күштерінің мәлімдеуінше, Ресей бейсенбіге қараған түні Украинаға "Шахед" тектес дрондармен шабуыл жасаған. Әскерилердің мәліметінше, 52 дронның 22-сі әуеден атып түсірілген, ал тағы 18-і радиоэлектрондық күрес құралының көмегімен немесе "локациясынан ауытқып" құлаған.