Ресей Украинаға 150-ден астам дронмен шабуылдады

Ресей дрондарының шабуылына ұшыраған жердегі өртті сөндіріп жатқан адамдар. Киев облысы, Украина, 6 шілде, 2025 жыл.

6 шілдеге қараған түні Ресей Украинаға 157 дронмен шабуыл жасады, олардың 117-сі жойылды, деп хабарлады Украина армиясының әуе күштері.

"Жаудың шабуылшы дрондары 19 нысанға тигені, әуеден атып түсірілген дрондардың 2 жерде құлағаны тіркелді", – деп айтылған ресми ақпаратта.

Харьков қаласына шабуыл салдарынан екі адам – 46 жастағы әйел мен сәби зардап шеккен. "2 ай 8 күндік қыз бала қатты күйзеліске тап болды. Оған медициналық көмек көрсетіліп жатыр", – деді облыстық әкімшіліктің басшысы Олег Синегубов.

Киев облысында үш адам зардап шекті. "35 жастағы ер адам арқасына, аяқ-қолына жарықшақ тиіп жараланды. 79 жастағы әйел мен 75 жастағы ер адам қатты күйзеліске түсті", – деп жазды облыс басшысы Николай Калашник.

Оның дерегінше, дрон шабуылы салдарынан екі көпқабатты тұрғын үй зақымданып, төрт гараж бен бір автокөлік жанып кеткен. Тағы үш көлікке зиян келтірілген.

Түн мезгілінде ресейлік дрондар Запорожье қаласы мен Запорожье ауданына да шабуылдады. Облыс әкімі міндетін атқарушы Иван Федоровтың айтуынша, шабуыл салдарынан жеке кәсіпорынның ғимараты ішінара қирап, қоймадағы мүлік пен ауыл шаруашылығы техникалары бүлінген.

Юрковка ауылында 89 жастағы әйел жараланып, бір тұрғын үй зақымдалған.

Украинаның Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметі Харьков пен Херсонда мұның алдындағы шабуылдардың зардаптарын жоюға барған құтқарушыларға Ресей әскері шабуыл жасағанын хабарлады. Өрт сөндіру көліктері зақымданғанымен, құтқарушылар аман қалған.