Ресей Жоғарғы соты радикалды "Талибан" қозғалысына салынған тыйымды жойды. Бұл жөнінде ТАСС жазды.
Сот шешімі бірден күшіне енеді.
Ресей билігі ендігәрі "Талибанды" террористік ұйым деп санамайды.
Ресейде "Талибан" қозғалысына тыйым салғанына қарамастан ресми Мәскеу осыған дейін Ауғанстандағы тәліптер үкіметімен қарым-қатынас орнатқан еді. Тәліптердің өкілдері Ресейге сапарлаған. Ресей президенті Владимир Путин қозғалысты Мәскеудің терроризммен күрес бойынша одақтасы деп атаған.
2024 жылы желтоқсанда мемлекеттік дума ұйымды террористік ұйымдар қатарынан алып тастау тетігін жасаған заң жобасын қабылдаған.
"Талибан" Ресейде 2003 жылы террористік ұйымдар қатарына енгізілген еді. Сот қаулысында тәліптердің Шешенстан мен Орталық Азия елдеріндегі заңсыз қарулы топтармен байланысы бары және "Ислам мемлекеті" террористік тобымен тығыз қарым-қатынас жасайтыны жазылған болатын. Ресей сол кезде Ауғанстанда "Талибанға" қарсы операция жүргізген АҚШ пен оның одақтастарына белгілі бір дәрежеде қолдау көрсеткен.
- 2021 жылы "Талибан" Ауғанстан билігін басып алып, президент Әшраф Ғани үкіметін құлатқан. Тәліптер елде шариғат нормаларын енгізіп, дарға асу тәжірибесін қолданады. Ауғанстанда адам құқығы, бірінші кезекте әйел құқығы жаппай бұзылып жатқаны жөнінде ақпарат жиі жарияланады. Елде қыз балалардың білім алуына, әйелдердің қоғамдық орындарға ер туыстарынсыз баруға, жұмыс істеуіне шектеу қойылған. "Талибан" билігінің саясатымен келіспегендер қатаң қуғындалады.
- Тәліптер үкіметін халықаралық қауымдастық мойындамаса да көптеген ел де-факто олармен белгілі бір дәрежеде қарым-қатынас орнатқан.