Ресейдің қаржы операцияларын бақылайтын "Росфинмониторинг" қызметі "террористер мен экстремистер" тізіміне Орынбордан шыққан 14-жасар екі жасөспірімді – Әмір Шағатов пен Тимофей Лубенецті енгізген. Бұл туралы "Медиазона" хабарлады.
Басылымның жазуынша, Әмір Шағатов – 2011 жылы туғандар арасында алғашқы болып осы тізімге енгізілген адам.
"Росфинмониторинг" реестрі жаңартылғанын тіркеп отыратын телеграм-арнаны жүргізетін сарапшы Иван Шукшин тізімдегі екі жасөспірімнің есім-сойының тұсына "жұлдызшалар" қойылғанына назар аударған. Ондай белгі ол адамның үстінен терроризм бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын білдіреді.
Құқық қорғау органдары екі жасөспірімнің ұсталғаны жөнінде ресми түрде хабарлаған жоқ.
Әмір Шағатовтың әкесі Төлеген "Агентство" басылымына ұлының "үйқамақта екенін әрі оған елден шығуға тыйым салынғанын" айтқан. Бұл – екі бөлек бұлтартпау шарасы, заң бойынша бұл екі шара бір мезгілде қолданылмауға тиіс. Төлеген Шағатовтың сөзінше, жетінші сыныпта оқитын ұлы анасының қолында тұрады, ал әкесімен тек каникул кезінде ғана көріседі. Ол ұлына қандай айып тағылып отырғанынан бейхабар екенін айтқан.
Әмір Шағатов пен Тимофей Лубенец бір іс бойынша өтіп жатыр ма, әлде екі бөлек пе, ол жағы белгісіз. Алайда "Агентство" олар бір-бірін тануы мүмкін деп топшылайды. Басылым бұл екеуімен қатар "Росфинмониторингтің" "террористер мен экстремистер" тізіміне Орынбор облысынан тағы бір жасөспірім – 16 жасар Вадим Тукашев те енгеніне назар аударған.