Тоқаев елді Астана және Домбыра күнімен, ал оған дейін Назарбаевты мерейтойымен құттықтады

Қазақстан президентң Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы Назарбаев Университетінде тұр. 4 мамыр, 2022 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықты Астана күні мерекесімен құттықтады, деп хабарлады 6 шілде күні Ақорданың баспасөз қызметі.

"Биыл бұл мереке Домбыра күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның символдық мәні зор. Қазақтың қасиетті қара домбырасы Ұлы даланың мыңжылдық бірегей мәдени мұрасын әйгілейді. Ал елордамыз Қазақстанның тұрақты әрі қарқынды өсіп-өркендеуін және жасампаз ұлттың жарқын болашаққа ұмтылысын айшықтай түседі", – деп жазылған ресми ақпаратта.

Тоқаев қазіргі кезде Астана елдің қоғамдық, саяси және іскерлік ордасына айналып, әлемге танылып отырғанын айтқан.

"Астана Орталық Еуразияның жауһары, заманауи Қазақстанның келбеті саналады. Халықаралық қауымдастық бас қаламызды бітімгершілік бастамаларды жүзеге асырып, жаһандық диалог орнату ісінде ерекше рөл атқаратын бейбітшілік шаһары ретінде біледі", – деген Тоқаев.

6 шілде Қазақстанда мемлекеттік мереке – Астана күні ретінде 2008 жылы 25 маусымда қабылданған заңда бекітілген. Ресми нұсқа бойынша, Жоғарғы кеңестің астананы Ақмолаға көшіру туралы 1994 жылғы 6 шілдедегі қаулысы осы мерекеге тарихи негіз болған. Алайда оған дейін маусымның алғашқы онкүндігінде аталып өтіп келген қала күні мерекесінің 6 шілдеге ауыстырылуы және мемлекеттік мереке мәртебесі берілуі кездейсоқ емес деп санайтындар бар.

6 шілде – Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні. Экс-президент бүгін 85 жасқа толды. Осының қарсаңында Тоқаев бұрынғы президентті құттықтап, деніне саулық тілеген.

"Қасым-Жомарт Тоқаев жеделхатта мерейтой иесінің тарихи рөліне тоқталып, оның жаңа дәуірдегі қазақ мемлекеттілігінің бастауында тұрғанын және Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқанын жазған. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Тұңғыш Президенттің Қазақстан астанасын көшіру туралы шешімі ел экономикасын өркендетуге және мемлекеттің халықаралық беделін нығайтуға айрықша ықпал еткенін атап өткен", – деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі сенбі күні.

Қазақстанды совет кезеңінен бастап 30 жылға жуық үздіксіз басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурызда президент өкілетін мерзімінен бұрын доғарып, өз орнына көп жылғы серігі, сол кезде сенат төрағасы болып отырған Қасым-Жомарт Тоқаевты президент етіп қалдырған. Тоқаев жаңа қызметтегі алғашқы шешімімен мемлекет астанасының атауын бірінші президенттің құрметіне Нұр-Сұлтан етіп өзгерткен. Тек 2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтың бірқатар артықшылықтары жойылып, оның жеке басын дәріптеу үрдісі тыйыла бастады, сондай шаралардың бірі ретінде мемлекет астанасына бұрынғы атауы қайтарылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жоғарғы кеңестен "елбасына" дейін. Қазақстан авторитаризм жолына қалай түсті?