Ұлыбритания Сириямен дипломатиялық қарым-қатынасты қалпына келтірмек

Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми

Ұлыбритания Сирияда көп жылға жалғасқан азамат соғысынан кейін бұл елмен дипломатиялық қарым-қатынасты қалпына келтіретінін мәлімдеді.

"Сирия халқының жаңа үміті оянды. Елдің жаңа үкіметінің күллі сириялықтар үшін тұрақты, қауіпсіз әрі өркендейтін болашақ құру жолындағы міндеттемелерін қолдау – біздің мүддемізге сай келеді", – деп мәлімдеді 5 шілде күні Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми.

Дэвид Лэмми сол күні Сирия астанасы Дамаскіге ресми сапармен барған. Бұл кейінгі 14 жылда Ұлыбритания сыртқы істер министрінің Сирияға алғаш рет келуі. Reuters агенттігінің хабарлауынша, ол Сирияны қолдауға 95,5 миллион фунт стерлинг бөлуге уәде еткен.

Былтыр желтоқсан айында "Хайят Тахрир әш-Шам" қарулы исламшылдар тобы Сирияда халықты қайғы-қасіретке батырған ұзаққа созылған қантөгіс-жанжалдан кейін Башар Асад режимін биліктен тайдырғаннан кейін Батыс елдерінің Сирияға деген ұстанымы біртіндеп өзгеріп жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Дональд Трамп Сирияға қарсы санкцияларды жою туралы жарлыққа қол қойды

Лэмми Сирияға АҚШ президенті Дональд Трамп Дамаскіге осыған дейін салынған америкалық санкциялар бағдарламасын тоқтату туралы жарлыққа қол қойған соң бірнеше күннен кейін барды. Вашингтонның ол шешімі Сирияны халықаралық қаржы жүйесінен оқшаулауға нүкте қойып, көп жылғы соғыстан кейін елді қалпына келтіру мүмкіндігіне жол ашты.

Сәуір айында Ұлыбритания да өз санкцияларын жеңілдетіп, Сирияның Орталық банкінің және өзге банктері мен мұнай компанияларын қоса алғанда жиынтығы 23 құрылымның активтерін бұғаттан босатқан. Мұндай қадам инвестиция тартуды ынталандыру мақсатын көздейді. Әйткенмен Сирияның бұрынғы режимінің мүшелеріне Лондон салған санкциялар әлі күшінде.

Сенбі күні Ұлыбритания жариялаған қаржылай қолдау пакеті Сирияға шұғыл гуманитарлық көмек көрсетуді көздейді. Оған қоса, британ үкіметінің мәлімдемесінде бұл көмек білім беру секілді салаларды дамыту арқылы елді ұзақ мерзімді қалпына келтіруге ықпал ететіні айтылған.