Житомир маңында қуатты жарылыстар болды. Қаза тапқандар мен жараланғандар бар

2 шілде күні Украинаның солтүстік-батысы бөлігіндегі Житомир қаласының маңында болған екі қуатты жарылыс салдарынан екі адам қаза тауып, кемінде 24 адам жараланған. Зардап шеккендер арасында төрт бала бар. Житомир полициясының мәліметінше, жарылыстар жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат алтының шамасында Березина ауылының маңында болған.

Житомир қалалық кеңесі алғашында жарылыстар айналма жолдан тыс орналасқан жанармай құю стансасында болды деп хабарлады.

"Киев бағытындағы тасжолдың бойында, айналма жолдан кейін тұрған жанармай бекетінде жарылыс болды. Қазір оның себебі анықталып жатыр. Шұғыл қызметтердің бәрі оқиға орнына дереу жетті. Сабыр сақтаңыздар. Ақпарат жаңартылып отырады", – деп жазылған Житомир мэриясы мәлімдемесінде.

Жарылыстар салдарынан Березина ауылында орналасқан екі өндіріс нысаны толығымен жойылғаны кейінірек белгілі болды. Оған қоса, тұрғын үйлер қирап, үш электр желісі зақымданған. "Житомироблэнерго" акционерлік қоғамының мәліметінше, жарылыстар салдарынан 735 үй жарықсыз қалған.

Бұл оқиғаға байланысты жағдайды Украина президенті Владимир Зеленский жеке бақылауына алды деп мәлімдеді президент кеңсесі басшысының орынбасары Виктор Микита.

Your browser doesn’t support HTML5

Украина Ресей басып алған аймақтарға шабуылды күшейтті. Соғыс жаңалықтары