Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған. Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді.
Осыдан екі жыл бұрын Алматыда Қазақстан оппозициясы қайраткерлерінің бірі Алтынбек Сәрсенбайұлы жанындағы екі серігімен қастандықтан қаза тапты. Қылмыстық іс бойынша өткен тергеу мен сот процесі А.Сәрсенбайұлын жеке бас араздығынан туындаған себеппен Парламент Сенаты аппаратының жоғары лауазымды шенеунігі арнайы кісі жалдап, атуға тапсырыс берген деп танып, іс бойынша сотқа тартылған 10 адам әртүрлі жазаға кесілді. Бірақ, Қазақстан оппозициясы Алтынбекті өлтірген жалдамалы жендеттерге саяси тапсырыс бергендер әлі күнге тасада қалып келеді деп санайды. Ал ел президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев ондай тапсырыс бергендерді білетінін және оны жақын арада кітабында жариялайтынын айтады.
Желтоқсанның 23-күні Өзбекстанда президент сайлауы өтіп жатыр. Бұл жолғы сайлауға түсіп жатқан 4 кандидаттың арасында елді 18 жылдан бері басқарып отырған Ислам Каримов та бар. Алматыдағы өзбек елшілігінде тіркелген Өзбекстан азаматтары жексенбі күні өз елдеріндегі президент сайлауына осы жерден дауыс беруге қатысты.
Жақында ғана ресми тіркеу құжатын алған «Алға, ДВК!» қоғамдық бірлестігі алдағы қаңтар айында республикалық құрылтай жиынын өткізбек. Жаңадан жұмысын бастағалы отырған бұл қоғамдық бірлестікті соңғы бір жылдан астам уақыт бойы Қазақстанның әділет министрлігі тіркемей отырған «Алға» саяси партиясының белсенділері құрды.
Бүгін Алматыда бірқатар қазақстандық қоғамдық ұйымдар елдегі адам құқығы саласының хал-ахуалына қатысты жыл қортындысына өз бағасын берді. Олар аяқталып отырған жылы Қазақстанда бұл салада жағымды жаңалықтармен бірге құқық қорғаушы ұйымдардың алаңдаушылығын туғызған жайттардың да тіркелгенін айтты. Сондай-ақ, адам құқығын қорғаушы ұйымдар Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына 2010 жылы төраға болып сайланар алдында Қазақстан үкіметінің халықаралық қауымдастық алдында берген уәдесін қалай орындайтынын өз бақылауына алмақшы.
Сәрсенбі күні кешке Оңтүстік Қазақстан облысында 55-жасында Теміртас Тілеулесов мезгілсіз дүниеден өтті. Ол тоқсаныншы жылдардың аяғында «Ордалы жылан» атты деректі кітап шығарып, сол кезде және әлі күнге дейін Қазақстанда жоғары билік басында отырған бірқатар лауазым иелерінің сыбайласқан жемқорлық іс-әрекеттерін әшкерелеген болатын. Артынша заң орындары оған қарсы бірнеше қылмыстық іс қозғап, сотқа тартқан соң, Теміртас Тілеулесов соңғы 6 жылдан астам уақыт биліктен бой тасалап жүрген еді.
Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің екі оққағары - Айдар Бектібаев пен Сергей Кошлай қыркүйектің 17-күні Алматыда журналистер алдында мәлімдеме жасады. Олар өз еріктерімен Австриядан елге қайтып, Қазақстанның тергеу орындарына берілуді және бұдан былай Рахат Әлиевке бағынышты болмауды ұйғарғандарын айтты Биылғы жылғы қаңтар айының соңында Алматыда із-түзсіз жоғалып кеткен «Нұрбанктың» бұрынғы екі басқарушысын ұрлауға қатысы бар деген күдікпен Қазақстанның заң орындары бұған дейін өзге кісілермен бірге, Бектібаев пен Кошлайға да халықаралық іздеу жариялаған болатын.
Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Оңтүстік Қазақстан облыстық департаменті мамандығы философ Нұрлан Әлімбеков есімді азаматқа қарсы «ұлтараздық дүрдараздықты өршітті» деген айыппен қылмыстық іс қозғап, оны қамауда ұстап отыр. Нұрланның жақтаушылары, қауіпсіздік комитеті Әлімбековке қарсы қылмыстық істі оның электронды пошта арқылы жазған жеке хаттарының негізінде қозғауын - азаматтардың хат жазу құпиялығына кепілдік беретін Конституциялық нормаға қайшы деп санайды. Осы іс бойынша сейсенбі күні Алматыда баспасөз жиынын өткізген бір топ қоғам өкілдері, елде тәуелсіз көзқарастағы адам билікке сындарлы ой-пікірі үшін жапа шегіп отыр деп мәлімдеді.
Тамыздың 21-күні Алматыда «Ақ жол» партиясы басшыларының бірі Мақсұт Нәрікбаев Қазақстанда сенбі күні өткен парламент сайлауында «Ақ жолдың» жеңілгенін мойындауға тиіспіз деген мәлімдеме жасады. Сонымен бірге ол сайлаудың алдын ала қортындысы бойынша парламент Мәжілісіндегі барлық орынға ие болған «Нұр Отан» партиясы мен оның көсемі Нұрсұлтан Назарбаевты құттықтайтынын айтты. Ал, «Ақ жол» партиясының өзге басшылары Нәрікбаевтың бұл мәлімдемесі - оның жеке пікірі деп, одан бойын аулақ салып отыр.
Қазақстанда сенбі күні өткен сайлауға қатысқан оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның өкілдері, әдеттегідей, бұл жолғы сайлау да заң бұзу оқиғаларына толы болды деп мәлімдеп отыр. Ал Қазақстан Орталық сайлау комисиясы жексенбі күні алдын-ала қортындысында ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басқаруындағы «Нұр Отан» партиясының 88 пайыздан астам дауысқа ие болғаны жария етті. Ал парламент сайлауына қатысқан басқа 6 партияның ешқайсысы заңмен белгіленген 7 пайыздық межеден өте алмай отыр деп хабарлады ресми органның басшысы.
Қазақстанның Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы парламент сайлауы науқанына дайындаған бейне-жарнамаларын республика аумағында хабар тарататын 4 телеарна эфриге беруден бас тартып отырғандарына өз наразылығын білдірді. Оппозициялық партия бұны сайлау кезіндегі өзінің заңды құқығын бұзу деп бағалап, кінәлі тараптарды жөнге салуды сұрап, Орталық сайлау комиссиясы мен прокуратураға шағым берді.
Дүйсенбі күні Алматының орталығындағы алаңдардың бірінде, өткен айда ел Конституциясына енгізілген өзгертулерге өздерінің азаматтық наразылығын білдіріп шыққан екі адамды полиция ұстап алып кетті. Бұл – Алматыда, соңғы 10 күннің ішінде, осымен 4-ші рет қайталанып отырған наразылық акциясы болып отыр.
Қазақстанда жарық көретін «Тасжарған» тәуелсіз басылымының бас редакторы Бақытгүл Мәкімбай өзіне қарсы Алматы қалалық прокуратурасы президенттің ар-ожданына тиді деген бап бойынша қылмыстық іс қозғап отырғанын хабарлады. Оған осы басылымда былтыр Интернет-сайттарының бірінен көшіріп басылған мақала себеп болыпты. Сонымен бірге журналист осы тергеу ісінің, АҚШ Федералдық сотында, мұнай саласында қызмет ететін американдық компанияның қазақстандық ресми тұлғаларға 4 миллион доллардан астам пара бергенін мойындағанымен тұспа-тұс келгені тегін емес деп отыр.
Үкіметтің ауысуы Қазақстан қоғамына қандай өзгерістер әкелмек? Жаңа үкіметтің басшысы елдегі саяси күштердің ара салмағына қалай әсер етуі мүмкін? Осы сауалдарға «Азаттық» радиосы қазақстандық бірқатар сарапшылардың пікірлерін білген еді.
Бейсенбі күні Астанадағы автокөлік базарында шыққан өрт салдарынан 3 адам қаза тауып, тағы бірнеше кісіні күйік шалған.
Осыдан дәл жиырма жыл бұрын Қазақстанды басқаруға осындағы ел-жұрт танымайтын өз адамын жіберген Мәскеудің саясатына қарсылық танытып, Алматының орталық алаңына шыққан қазақ жастарына қарсы коммунистік Кеңес өкіметі қалың әскер шығарып, күшпен аяусыз басып-жанышқаны бүкіл әлемге тарады. Кейіннен «Желтоқсан көтерілісі» деген атауға ие болған қазақ жастарының бұл бас көтеруі - Кеңестер Одағы құрамындағы елдерді орталықтан басқаруға негізделген коммунистік жүйе саясатына халық ашық қарсылық білдірген алғашқы оқиға еді. Бүгін, желтоқсанның 17-күні Алматыда, бұдан 20 жыл бұрынғы сол бір азалы күнді еске алып, көтеріліс қахармандарының ерлігіне бас ию рәсімі өтті.
«Азаттық» радиосы Қазақ қызметінің Бішкектегі тілшісі Азамат Жетпісбаевты желтоқсанның 15-күні Алматыда Қазақстанның қаржы полициясы қамауға алды. Соңғы бір жарым жыл бойы Қырғыз елінің астанасында тұрған Азамат Жетпісбаев бұл жолы Алматыда өткен Орталық Азиядағы демократиялық процестерге арналған екі күндік халықаралық конференцияға қатысуға келген еді.
Желтоқсанның 14-күні Алматыда Қазақстан мен Орталық Азиядағы демократиялық процестерге арналған екі күндік халықаралық конференция аяқталды. Оған қатысқан қазақстандық бірқатар қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың және Өзбекстан мен Қырғызстаннан Алматыдағы жиынға арнайы келген демократиялық ұйым өкілдері бейсенбі күні түстен кейін Алматының Республика алаңына келіп, осы жерде 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысып, құрбан болғандардың аруағына тағзым етіп, тәуелсіздік ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Желтоқсанның 10-күні Алматының шеткері жағындағы Сарыарқа кинотеатрының артындағы жұрт көзінен таса жерде, оң жақтан басқарылатын автокөлік иелерінің ұйымдастыруымен наразылық митингі өтті. Жиында сөйлегендер ел үкіметіне сенімсіздік білдіріп, үкіметтің отставкаға кетуін талап етті.
Желтоқсанның 3-күні Алматы қаласындағы орталық көшелердің бірінде бір топ адам елдегі оң жақтан басқарылатын автокөліктерге қатысты үкіметтің ұстанымына өз наразылықтарын білдіруге жиналды. Қолдарында билікке талап-тілектері жазылған жазу ұстап шыққан бұл жұртты прокуратура мен полиция өкілдері заңсыз митингке жиналғаны үшін жауапқа тартылатынын ескертіп, таратып жіберді.
Қарашаның 26-күні Қазақстанның бірқатар қалаларында басқару рөлі оң жақта орналасқан автокөлік иелерінің наразылық акциялары өтті. Осыдан екі аптадай уақыт бұрын президент Н.Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында, жаңа жылдан бастап рөлі оң жақтағы автокөліктерді Қазақстанға әкелуге, ал тағы 3 жылдан соң мұндай көліктерді пайдалануға мүлдем тиым салу керек деген мәлімдемесі ел арасында наразылық туғызды. Бүгін Алматыда президенттің айтқанымен келіспейтіндігін білдіріп жиналған жұртты полиция қаланың орталық алаңына жібермей, жиын өткізуге талпынғандарды күштеп таратты.
Тағы