ЖАҢАЛЫҚТАР
Әлихан Смайылов: Қазақстанның арзан бензині мен дизелі көрші елдерге кетіп жатыр

Қазақстанның арзан бензині мен дизелі көрші елдерге кетіп жатыр. Мұны Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов бүгін, 4 сәуірде өткен үкімет отырысында мәлімдеді.
Премьер-министрдің сөзінше, Қазақстан жанармайды қымбаттатпаса, алдағы уақытта тапшылық күшейе түсуі мүмкін.
– Қазақстанда дизельдің бір литрі 230-260 теңге болса, Ресейде одан 45 пайыз жоғары, яғни литрі – 345 теңге. Қырғызстанда 64 пайыз жоғары немесе 390 теңге. Өзбекстанда екі есе жоғары немесе литрі 480 теңге тұрады. Осындай айырмаға байланысты транзит көліктермен және түрлі "сұр экспорт арқылы" Қазақстан жанармайы көрші елдерге әкетіліп жатыр. Біздің арзан жанармайымыз ұлттық мүддемізге емес, көрші елдердің экономикасына жұмыс істеп жатыр, – деді премьер-министр.
Үкімет отырысында Әлихан Смайылов жанармай көрші елдерге кетіп жатқанын өзге де көрсеткіштер арқылы дәлелдеуге тырысты. Оның айтуынша, Қазақстанда дизель мен бензинді пайдалану деңгейі көрші елдерге қарағанда өте жоғары болып шыққан.
– Мысалы, Қазақстанда жылына бір адамға шаққанда 370 литр дизель жұмсалады. Ресейде 225 литр, Қырғызстанда 98 литр, Өзбекстанда 44 литр ғана. Ал біздің экономикамыздың негізгі салаларында жағармай тұтынысы айтарлықтай өзгерген жоқ. Демек, шетелге кетіп жатыр деген сөз, – дейді ол.
Әлихан Смайыловтың сөзінше, Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттары бар мүмкіндігімен жұмыс істеп тұр. Кейінгі бес жылда бензин өндіру 70 пайыз, дизель өндіру 33 пайыз өскен. Былтыр 5,2 миллион тонна дизель өндірілген. Бұл – рекордтық деңгей. Бірақ оның көрші елдерге түрлі жолдармен кетуіне байланысты жанармай нарығында тапшылық қаупі азаймай тұр.
Премьер-министр жанармай тапшылығына жол бермеудің жалғыз жолы көрші елдермен арадағы баға айырмасын азайту деп есептейді.
Кеше, 3 сәуірде Қазақстанның энергетика министрі бензиннің шекті бағасын 11 пайыз, дизель отыны бағасын 20 пайыз көтеретінін хабарлаған. Оны "Қазақстан мен көрші елдердегі баға айырмашылығын азайту үшін жасап отырмыз" деп түсіндірген.
Қазақстан – 2015 жылы 1 қаңтарда құрылған Еуразия экономикалық одағының мүшесі. Одаққа Қазақстанмен көршілес Ресей мен Қырғызстан да кіреді. Бастапқыда одаққа Қазақстан, Ресей, Беларусь мүше болған. Кейін Қырғызстан мен Армения қосылған. Еуразия экономика одағы бірыңғай экономикалық кеңістік пен кеден саясатын үйлестіреді.
Басқа да жаңалықтар
Росстат Ресейдегі демография статистикасын құпияландырды

Мемлекеттік статистика федералды қызметі Ресейдегі демографиялық ахуал жөніндегі деректерді жариялауды доғарды.
Ресейдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына шолу дейтін шығарылымның осы аптадағы нұсқасында мамыр айына арналған "Демография" бөлімі жоқ. Бұл дерек Росстат сайтынан да табылмады. Сайтта демография деректері соңғы рет наурыз айында жарияланған.
Бұл бөлімде табиғи өсім, елден кеткендер, туу және өлім көрсеткіштері, неке және ажырасу сандары, миграция деректері және жалпы халық саны жарияланатын.
Мамыр айында Ресейде жұмыс істейтін демографтар билік жасырған статистиканы қызметтік мақсатта ғана ала алатыны, ол үшін қол қоятыны хабарланған. Бұл туралы демограф Алексей Ракша мәлімдеген. Росстат демография деректерін жариялауды тоқтатқанына алғаш болып назар аударғандардың бірі осы демограф болатын. Кейін Ресей әділет министрі Ракшаны "шетел агенттері" реестріне қосты.
Трамп: Украинаға Patriot жүйесі керек

Украина президенті Владимир Зеленскиймен жұма күні телефон арқылы сөйлескен АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға қорғаныс үшін Patriot зымыран жүйесі қажет деп мәлімдеді.
"Зеленскиймен жақсы әңгімелестік" деді Трамп журналистерге Air Force One президенттік ұшағына мінер кезде. Зеленский сұраған Patriot кешені туралы сұраққа Трамп: "Бұл оларға қорғаныс үшін қажет... Өйткені оларды қатты атқылап жатыр" деді.
Ақ үй басшысы әуе шабуылынан қорғайтын Patriot жүйесін жоғары бағалап, "тамсандырар қару" деп атады.
Украина осыған дейін АҚШ-қа бірталай мәрте жүгініп, қосымша Patriot жүйелерін сұраған. Киев бұл қару Ресей дрон және зымыран шабуылдарынан қорғануда маңызды рөл атқарады деп санайды. Трамп пен Зеленский арасында болған әңгімеден хабары бар дереккөз Reuters агенттігіне пікір білдіріп, әңгіме "өте жақсы сипатта" болғанын, Украинаға Patriot кешендерін беруді қайта қарау жөнінде үміт пайда болғанын айтты.
Вашингтон жақында Украинаға кей қару түрлерін беруді доғарғаны хабарланған. Оның ішінде Patriot зымыран жүйелері де аталды. Бұл хабар Киевті алаңдатып қойған. Германия қазір АҚШ-пен келіссөз жүргізіп, Patriot жүйелерін Украина беру мақсатымен сатып алу мәселесін талқылап жатыр. Әлі нақты шешім қабылданған жоқ.
СІМ-дегі ауыс-түйіс: Тоқаев елшілер мен вице-министрді тағайындады

5 шілде күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы істер вице-министрі Роман Василенконы қызметінен босатып, оны Еуропа Одағының жанындағы және НАТО-дағы Қазақстан өкілдігінің басшысы етіп тағайындады.
Ал Астананың Таиландтағы елшісі Арман Исетов сыртқы істер вице-министрі қызметіне тағайындалып, елге оралатын болды.
Сыртқы істер министрлігінің жазуынша, 1975 жылы Қостанай облысында дүниеге келген Исетов 1998 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітіріп, мансап жолын осы министрліктен референт болып бастаған.
Содан бері министрлікте және Қазақстанның шетелдегі өкілдіктерінде лауазымды қызмет атқарған. 2022 жылдан бері Қазақстанның Таиландтағы елшісі болды.
Роман Василенко 1972 жылы Шымкент қаласында туған. 1994 жылы ол Ресей Федерациясы Қарулы күштерінің Экономика, қаржы және құқық әскери академиясын бітірген. Қызмет жолын Қазақстан президенті аппаратынан бастап дипломатиялық ведомствоға дейін түрлі мемлекеттік мекемеде жұмыс істеген.
Василенко 2016-2019 жылдары сыртқы істер министрінің орынбасары, 2019-2022 жылдары Қазақстанның Словакиядағы елшісі болды. 2022 жылғы қаңтардан бері сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарып келді.
Сондай-ақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ержан Елекеевті Қазақстанның Кувейттегі елшісі қызметіне қойды. 1986 жылы Ақтау қаласында дүниеге келген Елекеев 2007 жылы Қазақстан-Британ техникалық университетін, 2011 жылы Глазго университетін тәмамдаған.
Ержан Елекеев 1986 жылғы 2 сәуірде Ақтау қаласында дүниеге келген. 2007 жылы Қазақстан-Британ техникалық университетін бітірген. 2011 жылы Глазго университетінде магистр дәрежесін алды. Ұлттық компанияларда, қаржы институттарында жұмыс істеген ол 2024 жылғы наурыздан бастап "Kazakh Invest" ҰК" АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарған. Ержан Елекеев – Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты болған Ирак Елекеевтің ұлы.
Армения Ресей ақпарат құралдарындағы сөздерге наразылық нотасын жолдады

Армения сыртқы істер министрлігі Ресейдің Еревандағы елшісі Сергей Копыркинге наразылық нотасын табыстады. Армян министрлігінің сөзінше, нотаға Ресей телеарналарында Армения билігі жөнінде достыққа жатпайтын сөздер айтылғаны түрткі болған.
Министрлік ресейлік арналарды Армения үкіметіне қарсы "қастық пропаганда" жүріп жатыр, оны ресейлік шенеуніктер, депутаттар, сарапшылар және БАҚ қоздырып отыр дейді.
Ереван мұндай сөздер кейінгі екіжақты кездесулердің оң нәтижесін жоққа шығарады деп отыр.
"Бұл мәлімдемелерге қарасақ, мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған адамдарды қамау "Армения премьерінің достыққа жатпайтын кезекті қадамы" деп қарастырылады екен. Мұндай мәлімдемелер қисынға келмейді. Мемлекеттік төңкерістің алдын алу қалай және не үшін достыққа жатпайтын қадам саналатыны түсініксіз. Бұл – Арменияның ішкі ісіне дөрекі түрде қол сұғу" деді Армения сыртқы істер министрлігінің өкілі Ани Бадалян.
Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова РБК басылымына осы жөнінде пікір білдіріп, нотада "Ресей саясаткерлері мен қоғамдық қайраткерлерінің діни сенім еркіндігін қолдайтын" сөздер барын, бұл сөздер "Никол Пашинян үкіметіне ұнамай қалғанын" айтқан.
2025 жылғы маусымда Армения билігі мәлімдеме жасап, 2024 жылғы наразылық кезінде құрылған "Қасиетті күрес" қозғалысы жақтастары жасамақ болған мемлекеттік төңкерістің алдын алдық деп хабарлаған. Алдын алу шарасы кезінде қозғалыс лидері әрі Армян апостол шіркеуінің епископы Баграт Галстанян мен оның жақтастары тұтқындалған. Мұның арты көшедегі наразылық пен қақтығыстарға ұласты.
Армения сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян Ресей шенеуніктерін Арменияның ішкі ісіне қол сұқпауға шақырды. Кремль өкілі Дмитрий Песков жауап қатып, Мәскеу бұған құлықты емесін, бірақ Ресейдегі миллиондаған армян оқиғаны бақылап отырғанын айтты.
Зеленский мен Трамп телефон арқылы сөйлесті

Украина және АҚШ президенттері Владимир Зеленский мен Дональд Трамп телефон арқылы сөйлесті.
"Президент Трамп ақпаратқа өте қанық. Украинаға деген көңілі үшін рахмет. Әуе қорғанысының мүмкіндіктерін талқылап, аспанды қорғауды ұлғайту жөнінде жұмыс істейміз деп келістік. Командаларымыздың қарымта кездесуі жайлы келістік" деп жазды Зеленский Telegram-да екіжақты әңгіменің маңызды әрі пайдалы болғанын атап өтіп.
Зеленскийдің сөзінше, ол сондай-ақ Трамппен АҚШ пен Украина арасындағы ортақ қорғаныс өндірісі мүмкіндіктерін, сауда және инвестиция мәселесін талқылаған.
Трамп пен Зеленскийдің сөйлескенін Axios басылымының тілшісі Барак Равид те хабарлады. Ол сөйлескен адам әңгіме 40 минутқа ұласқанын, жақсы сипатта өрбігенін айтқан. Тілші дереккөзінің сөзінше, Трамп пен Зеленский Ресей күштерінің Украинаға шабуылы үдегенін, Киевке әуе қорғанысы жүйелерін беру мәселесін талқылаған. Санаулы күн бұрын америкалық БАҚ өз дереккөздеріне сүйеніп, АҚШ Украина бірнеше қару түрін беруді тоқтатты деп хабарлады. Оның ішінде Patriot әуе қорғаныс кешені де аталған.
Бейсенбі, 3 шілде күні Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескен. АҚШ президенті болған әңгіме "ешқандай прогресс әкелген жоқ" деп, Украинадағы жағдайға "разы емесін" айтты.
Кремльдің хабарлауынша, Трамптың алаңдаушылық білдіргеніне Путин жауап беріп, Мәскеу "Арнайы әскери операция мақсаттарынан тайынбайтынын" айтқан.
Осы сөйлесуден кейін Ресей Киевке ауыр соққы жасап, кемі бір адам қаза тапты, 20-дан астам адам жарақат алды.
Росфинмониторинг "террористер тізіміне" 14-жасар оқушыларды қосқан

Ресейдің қаржы операцияларын бақылайтын "Росфинмониторинг" қызметі "террористер мен экстремистер" тізіміне Орынбордан шыққан 14-жасар екі жасөспірімді – Әмір Шағатов пен Тимофей Лубенецті енгізген. Бұл туралы "Медиазона" хабарлады.
Басылымның жазуынша, Әмір Шағатов – 2011 жылы туғандар арасында алғашқы болып осы тізімге енгізілген адам.
"Росфинмониторинг" реестрі жаңартылғанын тіркеп отыратын телеграм-арнаны жүргізетін сарапшы Иван Шукшин тізімдегі екі жасөспірімнің есім-сойының тұсына "жұлдызшалар" қойылғанына назар аударған. Ондай белгі ол адамның үстінен терроризм бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын білдіреді.
Құқық қорғау органдары екі жасөспірімнің ұсталғаны жөнінде ресми түрде хабарлаған жоқ.
Әмір Шағатовтың әкесі Төлеген "Агентство" басылымына ұлының "үйқамақта екенін әрі оған елден шығуға тыйым салынғанын" айтқан. Бұл – екі бөлек бұлтартпау шарасы, заң бойынша бұл екі шара бір мезгілде қолданылмауға тиіс. Төлеген Шағатовтың сөзінше, жетінші сыныпта оқитын ұлы анасының қолында тұрады, ал әкесімен тек каникул кезінде ғана көріседі. Ол ұлына қандай айып тағылып отырғанынан бейхабар екенін айтқан.
Әмір Шағатов пен Тимофей Лубенец бір іс бойынша өтіп жатыр ма, әлде екі бөлек пе, ол жағы белгісіз. Алайда "Агентство" олар бір-бірін тануы мүмкін деп топшылайды. Басылым бұл екеуімен қатар "Росфинмониторингтің" "террористер мен экстремистер" тізіміне Орынбор облысынан тағы бір жасөспірім – 16 жасар Вадим Тукашев те енгеніне назар аударған.
Ресей мен Украина тағы да тұтқын алмасты

Жұма, 4 шілде күні Ресей мен Украина тұтқын алмасты. Алдымен бұл жөнінде Ресейдің қорғаныс министрлігі хабарлады. Кейінірек тұтқын алмасу фактісін Украина президенті Владимир Зеленский де растады.
ТАСС агенттігінің дерегінше, Ресейге Курск облысының екі тұрғыны да қайтарылған.
Украина мен Ресей биыл маусым айының басында Стамбұлда екі елдің делегациялары арасындағы келіссөздер нәтижесінде жасасқан уағдаластық аясында осымен жетінші рет тұтқын алмасып отыр.
Екі тарап бір-біріне неше тұтқын қайтарғаны туралы нақты мәлімет жарияланбады.
Зеленскийдің айтуынша, Отанына оралған украин сарбаздарының көбі Ресей тұтқынына 2022 жылы түскен. Президенттің мәліметінше, жұма күні Ресей Украинаға тапсырған азаматтар арасында Ресей билігі соттаған бейбіт тұрғындар да бар.
Украинадағы әскери тұтқындар мәселесі жөніндегі үйлестіру штабының хабарлауынша, Ресей тұтқынынан елге "жараланғандар мен ауыр науқастар", сондай-ақ "25 жастан аспаған" әскери қызметшілер оралған.
"Бостандыққа шыққан ең жас қорғаушы – небәрі 20 жаста. Ең егде адам – 59 жаста. Солдаттар мен сержанттардан бөлек, офицерлерді де босатуға мүмкіндік туды", – делінген штаб мәлімдемесінде.
Ресей Украинадағы соғыста тыйым салынған химиялық қару қолданады деген күдік күшейді

Жұма күні Нидерланд пен Германияның барлау қызметтері Ресейдің тыйым салынған химиялық қаруды Украинада кең көлемде қолданғанына дәлелдер жинағанын мәлімдеді. Олардың деректері бойынша, Ресей әскері украин сарбаздарын окоптан шығуға мәжбүр етіп, кейін атып тастау тұншықтырғыш заттарды, соның ішінде дроннан да тастап қолданады.
Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Нидерландының қорғаныс министрі Рубен Брекелманс Ресей химиялық қаруды қолдануын күшейтіп жатқанын айтып, Мәскеуге қарсы санкцияларды қатаңдатуға шақырды. Ол мұндай әрекет "қалыпты, стандартты және барған сайын кең таралған" сипатқа ие бола бастағанын айтты. Брекелманстың сөзінше, нақ осы үрдіс алаңдаушылық тудырып отыр. "Біз бұл құбылысты бірнеше жылдан бері байқап келеміз, қазір ауқымы тек ұлғайып жатыр", – деді ол.
Германияның сыртқы барлау қызметі (Bundesnachrichtendienst, BND) бұл тұжырымдарды растап, дәлелдерді нидерландтық әріптестермен бірлесіп жинақтағанын мәлімдеді. Нидерланд әскери барлау қызметінің басшысы Питер Рейсинк бұл қорытындылар өздері жеке жүргізген тергеу нәтижесінде жинақталған тәуелсіз барлау деректеріне сүйеніп жасалғанын айтты.
Reuters агенттігі соғысып жатқан тараптардың ешқайсынан тыйым салынған заттар қолданылғанын тәуелсіз түрде растау әзірге мүмкін болмай отырғанын жазды. АҚШ Ресейді хлорпикрин қолданды деп алғаш рет былтыр мамыр айында айыптаған. Бұл улы затты Бірінші дүниежүзілік соғыста Германия қолданған және әшейінде шеруге шыққандарды тарату үшін қолданылатын жас ағызатын газ сияқты дәстүрлі құралдарға қарағанда әлдеқайда қауіпті.
Украина билігі Ресей химиялық қару қолданған мыңдаған оқиға бар деп мәлімдеп отыр.
Ресейдің қорғаныс министрлігі Reuters агенттігінің сауалына жауап қатпады, оған дейін министрлік заңсыз оқ-дәрі қолданғанын жоққа шығарып, керісінше Украинаны айыптаған болатын. Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова сәрсенбі күні ФСБ (Ресейдің қауіпсіздік қызметі) Украинаның шығысында құрамында хлорпикрин бар жарылғыш заттар жасырылған қойма тапқанын мәлімдеді. Украина мұндай айыптауларды дәйекті түрде жоққа шығарып келеді.
193 мемлекетті біріктіретін, штаб-пәтері Гаагада орналасқан Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым (Organisation for the Prohibition of Chemical Weapons, OPCW) бұған дейін екі тараптың да айыптауларына жеткілікті айғақ-дәлел жоқ деп мәлімдеген. Толымды тергеу тек ұйымға қатысушы елдің сұрауы бойынша ғана басталуы мүмкін, алайда әзірге ондай сұрау түспеген.
Брекелманс кемінде үш украин сарбазының қазасы химиялық қаруды қолданумен байланысты екенін, ал 2500-ден астам адам химиялық заттан улану белгілерімен медициналық көмекке жүгінгенін хабарлады. Ол бұл қауіп тек Украинадағы қақтығыспен шектелмей, басқа елдерге де төнетінін атап айтты.
Министр бұған қоса Ресейге қысымды арттыруды, соның ішінде жаңадан санкциялар енгізу және оны OPCW Атқарушы кеңесі сияқты халықаралық ұйымдарға қатысу мүмкіндігінен айыруды ұсынды. Кеңес мүшелерінің ауыс-түйісі алдағы айларға жоспарланып отыр.
Нидерланд әскери барлау қызметінің басшысы Ресейдің химиялық бағдарламасының ауқымына назар аудартты. Оның айтуынша, химиялық қару өндірісінің белсенділігі артқаны, ғылыми зерттеулердің күшейгені және оны жасауға мамандар тартылғаны жөнінде дәлелдер бар. Ресейлік әскери қызметкерлер улағыш заттарды қолдану жөнінде нұсқаулар алып жатқаны жөнінде барлау мәліметтері бар деді ол.
"Бұл – майданның алдыңғы шебінде жасырын жасалып жатқан қарабайыр әрекеттер емес, бұл – мемлекеттік деңгейдегі ауқымды бағдарлама. Егер біз бұл әрекеттерді әшкерелемесек және жария етпесек, олардың жалғасу ықтималдығы өте жоғары", – деді Рейсинк. Ол Ресей әскерінің химиялық қару қолдануы "әдеттегі дерлік операциялық іс-тәжірибеге" айналып бара жатқанын айтты.
Оның сөзінше, хлорпикринді қолдану фактілері қолдан жасалған оқ-дәрілерді, мысалы, осындай зат толтырылған шамдар мен бөтелкелер дроннан тасталған кездері тіркелген.
Ресей тарапы бұл айтылған жайттарға байланысты әзірге ешқандай ресми пікір білдірген жоқ.
Теріні, көзді және тыныс жолдарын қатты тітіркендіріп әсер ететін хлорпикрин 1997 жылғы Химиялық қаруға тыйым салу туралы конвенцияға сәйкес, OPCW ұйымының тыйым салынған заттар тізіміне енгізілген. Адам ағзасына түскен жағдайда ол күйдіріп, жүректі айнытып, лоқсытып, тыныс алуды қиындатып жаман әсер етеді.
Ресей Украинаға тағы да жаппай әуе шабуылын жасады

4 шілдеге қараған түні Ресей әскері Украинаға қарсы әуеден шабуылдайтын қару түрлерімен жаппай шабуыл жасады. Ресей күштері 539 ұшқышсыз аппарат (БПЛА) ұшырған, оның 330-дан астамы Shahed үлгісіндегі дрондар. Оған қоса бір Х-47М2 "Кинжал" аэробаллистикалық зымыранын, алты "Искандер-М/KN-23" баллистикалық зымыранын және төрт "Искандер-К" қанатты зымыранын қолданған.
Бұл жөнінде Украина қарулы күштерінің Әуе күштері қолбасшылығы хабарлады. "Шабуылдың негізгі нысанасы – Украина астанасы Киев қаласы болды. Жаудың әуе шабуылы құралдарының сегіз елді мекенге түскені тіркелді (барлығы тоғыз зымыран мен 63 дрон), оған қоса, 33 жерге әуеден атып түсірілген нысандардың сынықтары құлаған", – деп айтылған ресми мәлімдемеде.
Киевте жергілікті биліктің дерегі бойынша, әуе шабуылынан кемінде 19 адам зардап шеккен, тұрғын үйлер бүлінген.
Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, Украинаның әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері 478 нысананы залалсыздандырған: олардың 270-ін атыс қаруымен жойған, ал 208-і радар бақылауынан шығып кеткен немесе радиоэлектрондық күрес (РЭК) құралдарының көмегімен құлатылған. Мысалы, 268 Shahed және басқа үлгідегі дрон, оған қоса екі "Искандер-К" қанатты зымыраны атып түсірілген. Тағы 208 дрон не радардан жоғалған, не РЭК көмегімен құлатылған.
"Балконнан құлаған". Ресейде "Транснефть" вице-президенті Андрей Бадалов қаза тапты

4 шілде күні Ресейдегі "Транснефть" мұнай компаниясының вице-президенті Андрей Бадалов қазаға ұшырады. 62 жастағы топ-менеджер "таңертең өз үйінің балконынан құлаған" деген хабар тарады.
Baza басылымы көпқабатты үйдің 10-қабатындағы пәтерде тұрған Бадалов 17-қабаттағы балконнан құлаған деп жазды. Алдын ала тергеу нұсқасында қаза – "суицид" деп аталған.
Андрей Бадалов 2021 жылы "Транснефть" компаниясы вице-президенті болып тағайындалған. Оған дейін "Восход" ғылыми-зерттеу институтының бас директоры қызметін атқарған. "Транснефть" компаниясында Бадалов өндірістік-шаруашылық қызметтің цифрлық трансформациясы мен автоматтандырылуы мәселелерімен айналысқан.
Бұл – кейінгі жылдары ресейлік ірі компаниялардың топ-менеджерлері арасында қазамен аяқталған тосын оқиғалардың алғашқысы емес. Олардың көбі 2022 жылы тіркелген.
Мысалы, 2022 жылғы 1 қыркүйекте "Лукойл" компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Равиль Маганов та осыған ұқсас жағдайда мерт болды. Ол Орталық клиникалық аурухананың терезесінің астынан өлі табылды. Ресми ақпаратта ол "темекі тартып тұрған кезде абайсызда терезеден құлап кеткен" деп айтылды.
Ресей Норвегия Хельсинки комитетін "тілектес емес ұйым" деп таныды

2024 жылғы 24 маусымда Ресей Бас прокуратурасы Мемлекеттік дума депутаты Андрей Луговойдың талап етуімен Норвегияның Хельсинки комитетін (Den Norske Helsingforskomité) Ресейге "тілектес емес ұйым" деп таныды.
Мұндай ақпаратты Луговойдың өзі хабарлады. Ол Ресейдің бас прокуроры Игорь Красновқа жолдаған үндеуінде Норвегияның Хельскинки комитетін "Совет одағы мен социалистік лагерь елдеріне қарсы әрекет еткен, Батыстың арнаулы қызметтерінің құралы" деп атады. Оның сөзінше, НХК бұл әрекеттерінде "диссидент" деп аталатын ерекше санаттағы азаматтарды қолданған.
Бұған қоса депутат Луговой Норвегияның Хельскинки комитетін "Ресей қарулы күштерінің 1990-2000 жылдары Шешен Республикасындағы және кейінгі жылдары Украинадағы іс-қимылдарынан ұқсастықтар іздеп тыраштанып жүр" деп айыптады.
Норвегияның Хельсинки комитеті – 1977 жылы Осло қаласында құрылған коммерциялық емес ұйым. Ол 1975 жылы 35-тен астам мемлекет қол қойған Хельсинки келісімдеріне сүйеніп жұмыс істейді. Бұл келісімдерде адам құқықтарын сақтау – әлем елдері арасындағы бейбітшілік пен ынтымақтастықтың негізгі шарты деп танылған.
Ресей мемлекеттік думасының депутаты, 58 жастағы Андрей Луговой кезінде әскери оқу орнын бітіріп, советтік қауіпсіздік комитетінде (КГБ) қызмет атқарған. Британ тергеушілері мен Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты (ECHR) Андрей Луговойды Ресей қауіпсіздік қызметінің бұрынғы офицері Александр Литвиненконың қазасына күдікті ретінде көрсеткен. Ресей президенті Владимир Путин мен оның билігін сынаушы ретінде танылған Александр Литвиненко 2006 жылы Лондонда қастандықпен у беріп өлтірілген.
Луговой өзіне тағылған айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарып, оларды "саяси астары бар, ешқандай негізсіз жала" деп атаған.
АҚШ билігі 2017 жылы Андрей Луговойды "Магнитский тізіміне" қосқан.
Ресей "Талибан" жариялаған Ауғанстан Ислам Әмірлігін ресми түрде мойындады

Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Руденко "Талибан" қозғалысы бақылауындағы Ауғанстанның Ресей Федерациясындағы жаңадан тағайындалған елшісі Гүл Хасаннан сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады.
Мұндай ақпаратты 3 шілде күні Ресей сыртқы істер министрлігі хабарлады.
Осылайша Ресей әлемнің көптеген елінде террористік ұйым ретінде тыйым салынған "Талибан" қозғалысы жариялаған Ауғанстан Ислам Әмірлігін әлемде бірінші болып ресми түрде мойындады.
Қазір Ауғанстанның Мәскеудегі елшілігі ғимаратына "Талибан" қозғалысы енгізген Ауғанстанның мемлекеттік туы ілінген.
Бейсенбі күні Ресейдің Кабулдағы елшісі Дмитрий Жирнов Ауғанстанның сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Әмір Хан Муттакиге жолықты. Кездесуде елші Жирнов Муттакиге Ресей үкіметі Ауғанстан Ислам Әмірлігін ресми түрде мойындайтыны туралы Мәскеудің шешімін табыс еткен.
"Талибан" қозғалысы Ресейде 2003 жылы террористік ұйымдар қатарына енгізілген еді. Ресей сотының қаулысында тәліптердің Шешенстан мен Орталық Азия елдеріндегі заңсыз қарулы топтармен байланысы бары және террористік топтармен тығыз қарым-қатынас жасайтыны жазылған болатын. Ресей сол кезде Ауғанстанда "Талибанға" қарсы операция жүргізген АҚШ пен оның одақтастарына белгілі бір дәрежеде қолдау көрсеткен.
Осыдан тура бір жыл бұрын, 2024 жылдың 4 шілдесі күні Шанхай ынтымақтастығы ұйымы саммитінің қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында Ресей президенті Владимир Путин Талибан қозғалысын "Мәскеудің терроризммен күрес бойынша одақтасы" деп атаған. Сол жылы желтоқсан айында Ресей Мемлекеттік думасы Талибанды террористік ұйымдар тізімінен алып тастауға мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдады.
Ал биыл 17 сәуірде, Ресей Жоғарғы соты Талибанның қызметіне салынған тыйымды ресми түрде алып тастады.
Ауғанстанды іс жүзінде билеп отырған "Талибан" үкіметін халықаралық қауымдастық мойындамаса да, бірсыпыра ел де-факто олармен белгілі бір дәрежеде қарым-қатынас орнатқан. Кейінгі жылдары Орталық Азиядағы постсоветтік мемлекеттер де "Талибан" қозғалысымен сауда-экономикалық байланысын дамытуға тырысып келеді.
Қазақстанда "Талибан" қозғалысы сот шешімімен "террористік ұйым" деп танылып, ұзақ уақыт бойы тыйым салынған ұйымдар тізімінде болған еді. Былтыр маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан тәліптер режимін террорлық ұйымдар тізімінен алып тастады. Өйткені қазіргі Ауғанстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту маңызды әрі бүгінгі режим ұзақмерзімді фактор болады деп ойлаймыз" деп мәлімдеген.
2021 жылы мамырда АҚШ бастаған Батыс елдері коалициясы Ауғанстанда 20 жыл болған әскерін шығаруды бастаған. 1996-2001 жылдар аралығында Ауғанстанда билік құрған "Талибан", АҚШ пен одақтастарының әскері ел аумағынан толық шығып үлгермей жатып, аудандар мен қалаларға қайта бақылау орнатты. 2021 жылғы 15 тамызда тәліптер Кабулға кіріп, билікті өз қолына алды. Ол кезде Ресейдің дипломатиялық өкілдігі сияқты, Қазақстанның Кабулдағы елшілігі де жұмысын тоқтатпаған.
"Талибан" билікке қайта келген соң Ауғанстанда біртіндеп шариғат ережелерін енгізе бастады. Бұл елде адам құқығы, бірінші кезекте әйел құқығы жаппай бұзылып жатқаны жөнінде ақпарат жиі жарияланады. Тәліптер қыз балалардың білім алу, әйелдің қоғамдық орында жүру және жұмыс істеу құқығын шектейді. "Талибан" саясатымен келіспегендер қатаң қудаланады.
БҰҰ әйелдер құқығы бұзылып жатқан Ауғанстандағы жағдайды "гендерлік апартеидке" теңеген әрі адамзатқа қарсы қылмысқа жатқызған.
Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы "Талибан" қозғалысы Ауғанстандағы әйел құқығы ахуалын айтарлықтай дағдарысқа ұшыратты деп мәлімдеген.
АҚШ Конгресі Трамп ұсынған "Үлкен әрі керемет" бюджет туралы заңды қабылдады

АҚШ Конгресінің төменгі палатасы президент Дональд Трамп ұсынған салықтар мен мемлекеттік шығындар туралы заң жобасын мақұлдады. Бейсенбі күні Өкілдер палатасында дауысқа қойылған заң жобасы аз ғана басымдықпен қабылданды – 218 адам қолдап, 214 адам қарсы дауыс берген.
Заңда әскери шығындарды ұлғайту, мигранттарды жаппай депортациялауға қаржы бөлу және жиынтығы 4,5 триллион доллар болатын салық жеңілдіктерін ұзарту қарастырылған. Сонымен қатар, федералдық азық-түлік көмегі мен аз қамтылғандарға арналған Medicaid мемлекеттік медициналық сақтандыру бағдарламасы секілді әлеуметтік бағдарламаларды қатты қысқарту көзделген. Кейбір есептеулер бойынша, осы өзгерістердің салдарынан 17 миллиондай америкалық азамат медициналық сақтандырудан айырылуы мүмкін.
Демократтардың наразылығына және кейбір республикашылдардың күмән келтіргеніне қарамастан, Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон заңның қабылдануына қол жеткізе алды. Мұндай нәтижеге конгрессмендермен жүргізілген келіссөздер мен Трамптың тікелей араласуы да әсер етті.
Шығындарды қаржыландыру ішінара жасыл энергетика мен электромобильдерге берілетін субсидияларды жою есебінен жүргізілмек. Бұл шешім осыған дейін президенттің одақтасы болып келген белгілі миллиардер әрі кәсіпкер Илон Маск пен Трамп арасындағы жария дауға себеп болды.
Маск субсидияларды жоюды "болашаққа балта шабу" деп атап, Ақ үйді әлеуметтік желілерде қатты сынға алды. Егер бұл заң қабылданатын болса, АҚШ-тың мемлекеттік қарызы күрт өседі деп ескертті Маск.
Трамп жаңадан қабылданған заңды "АҚШ тарихындағы ең маңызды заңдардың бірі" деп атады. Ол заңға 4 шілде, АҚШ-тың Тәуелсіздік күні қол қоятынын мәлімдеген.
Трамп Путинмен әңгімеден "ешнәрсе өнбегенін" айтты

Бейсенбі, 3 шілде күні АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин телефонмен бір сағатқа жуық сөйлескен.
Кремль таратқан мәліметте Трамп Украинадағы соғыс іс-қимылды мүмкіндігінше тезірек тоқтату мәселесін тағы да көтергені айтылған. Бұған жауабында Путин Ресейдің келіссөз жүргізуге дайын екенін, бірақ Мәскеу "СВО" (арнаулы әскери операция, Ресей билігі Украинаға қарсы соғысын осылай атайды - ред.) алдына қойған мақсаттардан бас тартпайтынын мәлімдеген.
Трамптың айтуынша, бұл мәселе бойынша екеуінің телефон әңгімесінен "ешнәрсе өнбеген". Трамп Украинадағы жағдай "көңіл көншітпейтінін" айтты.
Журналистердің қойған сұрағына берген жауабында Трамп АҚШ Украинаға көп қару бергенін, қазір де жалғастырып жатқанын және көмектесуге тырысатынын айтты. Алайда, Джо Байден әкімшілігі Украинаға қару бере отырып, "елді қару-жарақсыз қалдырды" деп бұрынғы билікті сөккен Трамп "бізде өзімізге де жеткілікті қару барына сенімді болуымыз керек" деп мәлімдеді.
Ресей мен Украина делегацияларының Стамбұлдағы келіссөздерінің үшінші кезеңі нақты қашан өтетіні талқыланбаған, Трамп пен Путиннің жеке кездесу өткізу мүмкіндігі туралы да сөз болмаған.
Келіссөздер барысында Иран, Сирия және Таяу Шығыс аймағындағы жағдай да талқыланған.
Путин Трампты 4 шілдеде атап өтілетін АҚШ-тың Тәуелсіздік күнімен құттықтап, "АҚШ мемлекеттік құрылымының қалыптасуында Ресейдің де белгілі бір рөл атқарғанын" айтқан.
Путин Ресей мен АҚШ арасында екі елдің дәстүрлі құндылықтарын насихаттайтын фильмдер алмасуды ұсынған. Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, Трамп бұл идеяны оң қабылдаған. Ушаков екі президенттің қайсысы телефон әңгімесін бірінші аяқтағанын "нақты айту қиын" екенін, өйткені "соңғы болып аудармашылар тұтқаны қойғанын" айтты.
Бұл – Трамп биыл қаңтарда АҚШ президенті лауазымына кіріскелі бері Путин екеуінің арасындағы алтыншы телефон әңгімесі болды. Бұған дейін екеуі 14 маусымда телефонмен сөйлескен, ол әңгіме де шамамен бір сағатқа созылған. Президенттердің алғашқы екі телефон әңгімесі екі сағаттай уақытқа жалғасқан еді.
Украина президенті Владимир Зеленский бейсенбі күні Данияға сапары барысында жақын арада АҚШ президенті Дональд Трамппен сөйлесетінін хабарлады. Оның сөзінше, негізгі тақырып – АҚШ-тың Украинаға әскери көмегінің, атап айтқанда Patriot әуе шабуылынан қорғаныс жүйелеріне арналған PAC-3 зымырандарының көлемі жайлы болмақ.
Бакуде ұсталған "Sputnik" агенттігінің бес қызметкері қолхатпен босатылды

Әзербайжан астанасында құқық қорғау органдары ұстаған ресейлік "Sputnik" ақпарат агенттігінің Әзербайжан филиалының бес қызметкері елден шықпау туралы қолхат беріп, бейсенбі күні қамаудан босап шықты.
Мұндай шешім тек Әзербайжан азаматтығы бар агенттік қызметкерлеріне қатысты қабылданды. Ал содан екі күн бұрын тұтқындалған филиалдың атқарушы директоры Игорь Картавых пен шеф-редактор Евгений Белоусов абақтыда отыр.
"Sputnik Әзербайжан" агенттігі қызметкерлерінің қамауға алынуы Мәскеу мен Баку арасындағы дипломатиялық дау-дамайдың бір бөлігіне айналды. Бұл жанжал Ресейдің Екатеринбург қаласында күш құрылымдары әзербайжан диаспорасы өкілдерін адам өлтіру қылмысына қатысы болуы мүмкін деген күдікпен ұстаған кезде олардың екеуі қаза тапқан соң басталған.
Бұған жауап ретінде Әзербайжан билігі ел аумағында жүрген Ресей азаматтарын ұстай бастады. 1 шілде күні "Sputnik Әзербайжан" қызметкерлерінің үйлерінде тінту жүргізіліп, 7 адам тұтқындалды.
Бұған қоса, Әзербайжанға Ресейден барып, сол елде тұрып жатқан сегіз IT-маман да қамауға алынды. Олар "кибералаяқтықпен" және "Ираннан есірткі тасумен" айналысқан "ұйымдасқан қылмыстық топтың" мүшелері деген күдікке ілінгені айтылды. Сотқа жеткізілген кезде түсірілген бейнекөріністерде олардың бет-жүзі ісіп, көгеріп, қанталап кеткені байқалды.
Бейсенбі, 3 шілде күні Мәскеуде Әзербайжан тумасы Вагиф Сулейманов ұсталды. Ресейлік телеграм-арналар оны "қылмыс әлеміне ықпалы бар" адам деп сипаттады. Сулейманов үш айдан кейін Әзербайжанға депортацияланады деген ақпарат айтылды.
ПІКІРЛЕР